«Әл-Фараби» Олимпиадасының жабылу рәсімі өтеді
12 сәуір күні сағат 10.00-да ҚазҰУ-дың Ғылыми мәжіліс залында (15-қабат, ректорат) «әл-Фараби» Олимпиадасының жабылу рәсімі өтеді.
Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың төрағалығымен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік зерттеу орталығының директоры Ділдәш Бейтуова жеңімпаздарды құттықтайтын болады. Шақырылған қонақтардан ҚР облыстарының және Алматы қаласы Білім беру басқармасының бастықтары, мектеп директорлары қатысады.
Олимпиаданы өткізудің басты мақсаты түлектердің оқуда озаттығын арттыру, шығармашылық көзқарастарын жан-жақты дамыту, болашақ мамандығын дұрыс таңдауда бағыт-бағдар беру. Олимпиада метаматика, тарих, биология, информатика, география, химия, физика, ағылшын, неміс, француз тілдері, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндер бойынша өтті.
20 ақпаннан 6 наурызға дейін университет оқытушыларынан құралған комиссия тобы республиканың 14 облысына барып қайтты. Комиссияның құрамында профессорлар, доктор және ғылым кандидаттары болды. Барлығы 65 оқытушы қатысты. Шараға 1228 «Алтын белгі» үміткерлері, 102 республикалық олимпиадалардың, 1096 аудандық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, 37 спортшы бақ сынасты.
ҚазҰУ қабырғасында тәлім-тәрбие беріп жүрген «Болашақ» бағдарламасының түлектері университет қызметімен таныстырып, студенттер дайындаған «Студенттердің академиялық мобильділігі» атты бейнесюжеттің тұсауын кеседі.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі