ҚазҰУ талантты жастарды іріктейді

12 сәуір, 2011

11 сәуір күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кезекті ректорат мәжілісінде ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетін құру мәселелері жөнінде Мәлік Ауған баяндама жасады.

Оның басты мақсаты – уақыт талабына сай ЖОО-ға дейінгі дайындық курстарын өткізу жұмыстарын жүйелеу, әрі тиімді пайдалану. Университетке талантты жастарды тарту үшін арнайы іріктеу тураларын өткізу керектігі айтылды. «Мектеп-колледж-университет» білім беру жүйесін құру, кәсіби білікті мамандарды тәрбиелеп шығару мақсатында жаңа оқу бағдарламаларын жасау, шетелдік азаматтармен қоса студенттік контингентті қалыптастыруда кәсіптік бейімделуді ықпалдастыру мәселелері алға тартылды.

«Талапкер» мамандыққа бейімдеу орталығының қызметі жас талапкерлерге білім беруге және кеңес алуға бағытталған. Осы негізде БАҚ-та факультеттер мен мамандықтардың жағымды имиджін қалыптастыратын жарияланымдарды насихаттау, білім беру басқарамалары және мектептермен тығыз қарым-қатынас орнату, «әл-Фараби» Олимпиадалары мен ҰБТ-ны өткізу арқылы талантты жастарды ҚазҰУ-ға бейімдеу және Қабылдау комиссиясының жұмыстары жүзеге асып келеді. Сондай-ақ, виртуалды оқушылар академиясын құруды жоспарлап отыр. Бұл жоба бүкіл Қазақстанның аумағын қамтуы тиіс деді ректор. Бірінші рет талапкерлерге толық ақпарат беретін «әл-Фараби» журналы жарық көрді. Тағы бір жаңалық – мамыр айының орта шенінде жалпыреспубликалық деңгейде он-лайн жүйесінде тестілеу өтетін болады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі