14 сәуір күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында профессорлар Владислав Григорьев пен Ләйлә Ахметованың авторлығымен «Яростный 1941. Размышления историков» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Владислав Григорьев Мәскеуд тұратындықтан, бұл салтанатқа келе алмады.
ҚазҰУ басшылығы тарапынан тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, әскери кафедра меңгерушісі Олег Степаненко, Кітаптың рецензенті, ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековте келіп қатысты. «Мұндай тақырыпты тарих, әскери адамдар жазушы еді, ал бүгін бәріміз журналист, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ләйлә Ахметованың Владислав Григорьевпен бірлесіп жазған шығармасына куә болып отырмыз. Атап айтатын тұсы, шетелдік зерттеулер көп қолданылған, тақырыпқа жаңа көзқараспен қарап, жазуда өзгеше бағыт байқалады, терең зерттелгені көрініп тұр», - дейді рецензент.
Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталады. Кітап осы мерейтой аясында жарық көріп отыр. ХХ ғасырдың негізгі оқиғалары, жеке тұлға мен қоғам, этнос және ұлттық қауіпсіздік, саясат және идеология, психология мен мораль, мәдениет пен дін арасындағы қақтығыстар қамтылған. Осы оқиға куәгерлерінің естеліктерінен деректер жинақталып, кітап болып шыққан.
Кітап тұсаукесеріне ҰОС ардагерлері Евгений Волков, Федор Заценин, Михаил Иванов, еңбек майданына қатысқан Жолмұхан Түркменұлы жәе еңбек ардагері Ульман Абрум келіп қатысып, авторға өз тілектерін білдірді.
Әскери кафедраның үздік 10 студентіне автор өз қолтаңбасымен 10 кітабын сыйға беретін болды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі