Болашақ экономистер арасында республикалық Олимпиада өтті
14 сәуірде ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінде студенттердің ұйымдастыруымен «Қазақстанның инновациялық экономикасына басқарушы кадрлер» атты ІІІ республикалық Олимпиадасы өтті. Байқауға мемлекеттік және жергілікті басқару, менеджмент мамандықтары бойынша оқып жүрген студенттер қатысты.
Ісшараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қызылорда мемлекеттік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қарағанды экономика университеті, Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Халықаралық бизнес академиясы, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері қатысты.
Республикалық пәндік олимпиаданы өткізудің мақсаты – қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, ашық пікірталас алаңында талқыға салу арқылы студент жастардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру, жастардың ғылымға қызығушылығын туғызып, мемлекетшілдік сананы дамыту болып табылады.
Олимпиаданы ҚазҰУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов ашты.
- Бүгінгі байқауда болашақ менеджмент саласының білікті мамандары бақ сынасайын деп отыр. Елбасының бастамасымен жаңа инновациялық жобалар жасалып, іске асып келеді. Елбасының халыққа Жолдауында және ҚР Президентінің инаугурациясы кезінде мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесін дамыту керектігі айтылды. Сондықтан жастардың ғылыми саладағы бастамаларына барынша назар аударып, қолдауымыз керек. Бүгінгі Олимпиада соның айғағы, - деді ол.
Олимпиаданы ұйымдастыруда атсалысқан «GSM Қазақстан» (К`селл) корпоративті байланыс жұмыс жөніндегі департаменттің директоры Аида Досаева жастарға сәттілік тіледі.
Олимпиада барысында студенттер өз ЖОО-ның бейнесюжетін ұсынып, ғылыми жұмыстарын қорғаған болатын. Ғылыми жұмыстарда қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселелер зерттелініп, талданған. Мәселен, мемлекеттік қызметті ұйымдастыруды жетілдіру, ауылшаруашылыққа қаржы көзін тарту, мал шаруашылығын кластерлік түрде дамыту, аймақтық экономиканы тиімді басқару, жергілікті маңызы бар кәсіпорындардың қызметін талдау мәселелері қарастырылды.
Байқау қорытындылары бойынша бас жүлдені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер тобы жеңіп алды. Екінші орынды Қарағанды экономика университеті, үшінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті иеленді. Марапаттау рәсімі 15 сәуір күні өтеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі