YouTube интернет-ресурсында белгісіз тұлға Рокки 2 лақап атымен ҚазҰУ басшылығына қатысты кезекті бейне хабарлама жариялады. Материал бірбеткейлі, ашық жала жабу үрдісінде жазылып, онда келтірілген деректер мен оқиғалар бұрмаланып қана қоймай, мақсатты түрде қасақана жалған ақпарат келтірілген. Оның үстіне авторлар университетте жұмыс жасайтын адамдарды ашық түрде қорлап, олардың ар-ожданы мен қадір-қасиетін аяққа таптаудан еш тартынбаған.
«Қара» пиар мен «лас» әдіс технологияларды пайдалана отырып, шімірікпестен жасалған жоғарыда аталған бейне үндеудің авторы (немесе авторлары) елдегі жетекші университеттің бүкіл ұжымына жұртшылықтың теріс пікірі мен негативті көзқарасын қалыптастыруға тырысқан. Бұның бәрі бір мақсатпен – ҚазҰУ және оның басшылығының беделін түсіру үшін жасалуда.
Университет бұған дейін де бірқатар ақпараттық қысымды басынан өткерген, отпен ойнайтын осындай акцияларды ұйымдастырушылардың әдістері мен тәсілдері айтарлықтай белгілі. Бұл жазасыз қалдырылмайтын іс екенін мәлімдейміз. Университет осы теріс пиғылды бейне үндеудің орындаушылары мен тапсырыс берушілерін анықтап, оларды заңның барлық қатаңдығымен жауапкершілікке тарту үшін барлық шараларды жүзеге асырады.
Университет ұжымы бұқаралық ақпарат құралдарының барлық өкілдерін, блогерлерді, қоғамды әлеуметтік алауыздықты тудыратын және қатаң айыптауға лайық жасырын белгісіз авторлардың жетегінде кетпеуге шақырады.