«Араб тілі мен мәдениеті күндері» атты дөңгелек үстел өтті
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінде арабтану кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Қазақстанның 2011 ж. Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлігі кеңесіне төрағалық етуіне арналған «Араб тілі мен мәдениеті күндері» атты дөңгелек үстел өтті.
Апталық жұмысы аясында факультет қабырғасында бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық назарындағы ең өткір өзекті мәселе - Араб Шығысындағы саяси толқулар, олардың себеп-салдарлары тақырыбына арналған «Араб әлеміндегі саяси ахуал» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге ҚР-дағы Египет Араб Республикасының мәдениет және білім істері бойынша атташесі, Алматыдағы Египет мәдени орталығының директоры – доктор Субхи ас-Сухейми мырза, сонымен қатар отандық танымал шығыстанушы ғалым, ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары Ә.Қ.Муминов, арабтану кафедрасының түлектері – белгілі саясаттанушы, дипломат Расул Жұмалы мен ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Алмат Өмірзақ, т.ғ.д., саясаттанушы Әзімбай Ғали және саясаттану ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Мұхит Асанбаев қатысты.
Дөңгелек үстелде араб әлеміндегі саяси толқулардың себеп-салдарлары кеңінен талқыланып, қатысушылар бұл мәселенің түйіні туралы өз болжам-пікірлерімен бөлісті. Аталмыш тақырыпты талқылауда студенттердің жоғары білімі мен араб елдеріндегі саяси ахуалға, оның халықаралық саясатқа ықпалына деген қызығушылығын жас арабтанушылардың болашақ маман ретінде қалыптасуының жоғары көрсеткіші екендігін шығыстанушы ғалымдар ерекше атап өтті. Қазақ, орыс және араб тілінде өткен дөңгелек үстел жұмысын доктор Субхи ас-Сухейми мырза да аса жоғары бағалады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі