«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті
АЛМАТЫ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ұйымдастырылды.
Шараға ірі қазақстандық және халықаралық ұйымдардың бос жұмыс орындары, бағдарламалары мен тренингтері ұсынылды. Қатысушылар жұмыс берушілердің сұраныстарымен танысты. Түйіндемелерін тастап, әрі РR-менеджерлермен бетпе-бет кездесті.
Жәрмеңкеге - GSM Қазақстан, Microsoft Kazakhstan, Қазатомөнеркәсібі, Қазақмыс, «Самұрық-Қазына» қоры, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, Теңізшевройл, АқтөбеМұнайГаз, Кар-Тел, KPMG, Қазақстан Халық Банкі, Альянс Банкі, Жинақбанк, ЦентрКредитБанкі, аудандық қаржы орталығы, Кока-Кола Алматы Боттлерс, мемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттары қатысты.
Жәрмеңкеге бітіруші түлектермен қатар төменгі курс студенттері де қатысты. Сондай-ақ, көпшілік назарына магистранттар мен PhD докторанттарының ғылыми жобалары жәрмеңкесі ұсынылды. Сонымен қатар, «Кәсіби білікті ортаны қалыптастыру» шеберлік дәрістері мен «Отандық еңбек нарығының бүгінгі жағдайы және дамуының негізгі бағыттары» жайлы маркетингтік семинары өтті. Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасы «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын ұсынды.
«Бұл жәрмеңке осымен төртінші жыл өткізіліп отыр. Былтыр жалпы саны 4000-ға жуық студент өтініш білдірген болатын. Солардың ішінде, бізге нақты белгілісі 500 студент. Ал, оның сыртында біздің назардан тыс қалған талай жастар жұмысқа орналасты. Бұл жәрмеңкенің жас бітірушілер мен студенттер үшін алар орны өте зор. Қазір мұнда семинар-тренингтер де өтуде. Әр компания өз жұмыстарымен, ішкі құрылысымен таныстырады» - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Әділет Тойбаев.