2011 жылдың 19-сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде ашық есік күні өтті. Бұл профориентациялық шараның мақсаты – шығыстану факультетінің заманауи білім беру нарығына өзін-өзі жариялау, Алматы, Алматы облысы мен Қазақстанның орта мектептері, лицей мен колледждерінің оқушыларын «Шетел филологясы: шығыс тілдері», «Шығыстану», «Аймақтану» және «Аударма ісі» мамандықтарына тарту болып табылады.
Бұл мерекені ұйымдастырушы – корей кафедрасының ұстаздары мен студенттері болып табылады. Бұл кафедра – Қазақстанның білім беру саласына айтарлықтай үлес қосқан жас кафедраларының бірі. Шығыстану факультеті корей кафедрасын қоса алғанда алты кафедрадан тұрады. Олар: араб кафедрасы, түрік кафедрасы, ирантану және үндітану кафедралары. Қиыр Шығыс елдерінің тілін оқытатын қытай және жапон кафедралары да бар. Алты кафедрада сабақ сегіз тілде: араб, түрік, парсы, урду, хинди, корей, қытай және жапон тілдерінде жүреді. Шығыс елдерінің тілдері мен мәдениеттерінің тоғысқан жері шығыстану факультетін тартымды әрі қызықты етіп көрсетеді. Бүгінгі таңда факультеттің түлектері Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шығыс елдерінде де жоғары сұранысқа ие мамандардың бірі.
Факультеттің күнделікті жұмысы орта мектеп, лицей және колледж оқушыларымен ынтымақтаса атқарылып жатқан екі жаққа да тиімді жоба жұмыстарымен астасып жатыр. Көптеген мектептер жиырма жылдай уақыт ішінде кафедраларымыздың тұрақты серіктесі, әрі үзеңгілес ізбасары деңгейіне жетті. Факультет қамқорлығындағы келесі орта мектептерді атап өтуге болады: № 120 (директоры Г.Бутабаева, № 36 (директоры А.Ақсерікова), № 62 (директоры А.Бижанов), № 148 (директоры Ф.Алияакбарова), № 12 (директоры Б.Үсенов), Алматы облыстық мектеп-интернат (директоры А.Әбілдаев), әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия (директоры Н.Сағатова), Түрік-қазақ қыздар лицейі (директоры Эркан Женгиз).
Көптеген жылдардан бері Шығыстану факультетін басқарып келе жатқан факультет деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Алдабек сөйлеп, ашып берді. Айтулы күн студенттер дайындаған концерттік бағдарламамен басталды. Шығыстың небір әсем әндері орындалып, мың бұралған бишілер ортаға шықты. Студенттер өздерінің шығыс тілдерін жақсы меңгеріп жатқандарын паш ете білді.
Ашық есік күнінің екінші кезеңінде факультет ауласында «мамандықтар жәрмеңкесі» атты акция ұйымдастырылды. Мұнда да студенттер өздерінің белсенділіктерін ортаға салды.
Үшінші кезеңде мектеп оқушылары студенттер әзірлеген карта бойынша шығыс әлемін аралап, тосын дүниенің тосын сыйларына ие болды. Университет, факультет, серіктес-университеттер, студенттер өмірі, тілі оқытылатын елдер туралы слайд-шоулар көрсетіліп, жоғары білім алу жүйесі таныстырылды.
Ашық есік күнінің соңында мектеп оқушылары арнайы дипломдармен марапатталып, шығыстану факультетінен алған мол әсермен үйлеріне қайтты. Ең бастысы, олар Шығыстың есігі бүгінгі қазақстандық ұтқыр ойлы жас өркен үшін әрқашан айқара ашық екенін енді жақсы біледі.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі