Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды
26 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркияның Эрзинджан университетінің делегациясы іс-сапармен келді. Қонақта Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университетінің ректоры Әли Әбішев, ҚазЭУ-нің доценті Әскербай Есалиев, Түрік делегациясының құрамы: Эрзинджан Университетінің ректоры, доктор, профессор Ильяс Чапоглу, бірінші проректор, доктор, профессор Фахри Тас; ректордың кеңесшісі, доктор Абдулкадир Кобан; доктор, профессор Альпаслан Сейлан; Үміт Атеш мырза және Ресеп Гюльмеш. Университет басшылығы тарапынан ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев, шығыстану факультетінің деканы Нұржамал Алдабекпен келген делегациямен кездесті.
Эрзинджан университеті 7 басты факультеттен құралған. Оның ішіне заң факультеті, педагогикалық, экономика және менеджмент, дінтану, медицина факультеттері кіреді, сондай-ақ университет 3 колледжден, 11 арнайы колледж және 10-нан астам ғылыми-зерттеу орталықтан тұрады.
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы өз сөзінде университеттің оқу барысы мен оқытушы-профессор құрамына, студенттерді даярлауда мамандық сапасына үлкен мән беріліп, шетелдік ғалымдар шақырылып, дәріс оқитындығы, дінтану мамандығына жақсы мамандар керектігін айтты. Сонымен қатар, қосдиплом алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, ҚазҰУ-ды классикалық үлгідегі зерттеу университетіне айналдыруда магистратура мен PhD докторантураға ерекше мән беріліп отыр деді ректор.
Кездесудің мақсаты – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылау болды. ҚазҰУ осы уақытқа дейін Анкара, Мимар-Сина, Акденіз университеттерімен тығыз байланыста, шығыстану факультетінің магистранттары осы аталған университеттерде тәжірибеден өтеді.
Кездесу соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Эрзинджан университеті арасында академикалық алмасу және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, сый-сияпат алмасып, естелікке суретке түсті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі