"Академиялық ұтқырлық: жүзеге асыру механизмдері мен даму келешегі" атты Республикалық семинар өтеді

26 сәуір, 2011

28 сәуірде сағат 10.00-да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Б.А. Бірімжанов атындағы химия факультетінің үлкен залында «Академиялық ұтқырлық: жүзеге асыру механизмдері мен даму келешегі» атты Республикалық семинар өтеді.

Семинар аясында академиялық ұтқырлықтың дамуын шетел тәжірибесіне сүйене отырып талдау, оның бүгінгі жағдайы мен Қазақстан ЖОО-да тарату мәселелері қарастырылады.

Республикалық семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, АҚ «ХБО «Болашақ» өкілдері, Ұлыбританияның Қазақстан және Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Eлшісі Дэвид Моран, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің техникалық және ғылыми ынтымақтастық жөніндегі атташесі Гийом Жироде, таяу және алыс шет елдердегі ғалымдар қатысады.

«Академиялық ұтқырлық әлемдік білім беру кеңістігіне енудің басты бағыттары ретінде», «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орны аралық академиялық ұтқырлығының қазіргі жағдайы» атты екі дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда.

Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының арасында білім саласын дамыту жөнінде ынтымақтастық келісім шартына қол қойылатын болады.

Республикалық семинарға қатысушыларды тіркеу сағат 9.00-де.

Академиялық мәселелер жөніндегі департаменті