2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған студенттер мен магистранттар арасында ұйымдастырылған «Абай әлемі» үздік ғылыми жұмыс байқауында «Баспа ісі» мамандығының студенті Әзімбек Қойлыбай жеңімпаз боп танылды. Байқау ұйымдастырушылары — Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен келіп түскен 100-ден астам ғылыми жұмыс іріктеп алынған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан: «Байқауды ұйымдастыру арқылы қазақтың ұлы ойшылы Абайдың мұрасын насихаттауға, дарынды жас ғалымдарды анықтауға және қолдауға, олардың жұмысын насихаттауға көмек көрсетеміз. Осылайша, біз қоғамда халық дәстүрлерін, адамгершілік құндылықтарын, ұлылардың бірегей шығармашылығын танытуға ықпал етеміз», – деп атап өтті.
Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар енген қазылар алқасының мүшелеріне байқау жеңімпаздарын анықтау оңай болмаған. Байқауға қатысқан жұмыстар идеялық ерекшелігімен, айтар ойдың дәйектілігімен және нақтылығымен ерекшеленді.
Студенттер арасында өткен байқаудың жеңімпазы болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті «Баспа ісі» мамандығында оқитын шәкіртіміз Әзімбек Қойлыбай танылып, арнайы диплом мен 300 000 теңге көлеміндегі сыйлықтың иегері атанды. Оған кафедра ұстазы Дәрмен Смайыл жетекшілік жасап, кеңес беріп отырғанын айта кетуіміз керек.
«Ғылымды қазіргі жастардың толыққанды игеруі үшін әл-Фараби мен Абай қойған талаптарды саралап, бүгінгі күн тұрғысынан талдап жаздым.
Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Абай әлемі» байқауы – біз үшін, жас ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік болды. Онлайн өмір – ізденуге кедергі, оқуға тиімсіз деуге болмайды. Керісінше, бұл уақытты ұтымды пайдалану. Сондықтан, дер кезінде қолға алынған байқау ұйымдастырушыларына алғыс айтамын және жас ғалымдарды жыл сайын өтетін сайыста бақ сынауға шақырамын», – дейді болашағынан зор үміт күттіретін жас зерттеуші.
Үздік ғылыми жұмыстар «Abaialemi.kz» порталында жарияланады.