Қазақ тілінің функциональды грамматикасы

28 ақпан, 2021

25 ақпан күні сағат 14:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінде ZOOM платформасы арқылы филология ғылымдарының докторы, профессор Әлкебаева Дина Ақбергенқызының «Қазақ тілінің функциональды грамматикасы» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісі өтті. Дәрісте қазақ тіл білімінің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері, құрылымдық грамматиканы артқа тастап, тілді зерттеуге жаңаша көзқараспен қарау нәтижесінде пайда болған функциональды грамматика саласының мақсат-міндеттері, зерттеу пәні мен нысаны, негізгі категориялары сөз етілді. Тыңдаушыларға түсінікті әрі қызықты болу үшін дәріскер тарапынан айтылған әрбір теориялық мәлімет практикалық тұрғыдан көркем мәтіндерден алынған мысалдармен толықтырылып отырды.

Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен дәріске кафедра профессорлары, еліміздің басқа да қалаларынан оқытушылар, мектеп мұғалімдері, докторант, магистранттар мен барша ғылымға қызығушы қауым қатысты. Дәріс А. Салқынбай, Р. Авакова сынды профессорлардың және өзге де дәрісті тыңдаушылардың пікірлерімен қорытындыланды.