ҚазҰУ Академик Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдығын атап өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА және ҚР ҰҒА академигі, көрнекті механик-ғалым, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдық мерейтойына орай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің туған күні жылдағы дәстүр бойынша ҚазҰУ қалашығында орналасқан ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды. Салтанатты рәсімге университет ұжымы, ғалымның туыстары, шәкірттері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Жиынды ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев:
– Бүгінде ҚазҰУ – бұл халықаралық білім беру кеңістігінде лайықты орнын алған, жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингінде 165-орынды иеленетін заманауи жоғары технологиялық ғылыми-білім беру ордасы. Өмірбек Арысланұлының кезінде әрбір қызметкерге жағдай жасалып, оқу залдарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, шет елдерден үздік мамандарды шақыруы, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін жетілдіруге үлкен көңіл бөлуі біз үшін таптырмас үлгі. Алдыңғы буынның бастамаларын жалғастырып, ғалымдарымыздың еңбегін дүние жүзіне танытуға күш салайық, – деп атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған химия ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Зұлхаир Мансұров академик Өмірбек Жолдасбеков атқарған игі істерге тоқталды.
– Мен университетке оқуға келгенде ректор Асқар Закарин еді. ҚазМУ қалашығы орналасқан жерді сол кісі белгілеп, жобасын бекітіп кетті. Ал жүзеге асырған Өмірбек Жолдасбеков болды. Ол кісі әр жұмыс күнін осы қалашықтың құрылысынан бастайтын. Сол кезде 28 нысан бой көтерді. Осыдан 20 жыл бұрын ғылыми кеңесте ҚазҰУ қалашығында орналасқан Студенттер сарайын Өмірбек Жолдасбековтің атына беру туралы ұсыныс жасалып, бірауыздан мақұлданды. Ал 10 жыл бұрын ректор Бақытжан Жұмағұлов академиктің ескерткішіне конкурс жариялады. Бірнеше эскиздердің ішінен қазіргі нұсқа таңдап алынып, ескерткіш Студенттер сарайының алдына қойылды, – деп Зұлхаир Мансұров өткенді еске алды.
Ө.А. Жолдасбеков 90 жылдық мерейтойына байланысты өткізіліп жатқан шаралардың бірі – математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық байқауы. Байқау он жылдан бері дәстүрлі түрде Білім және ғылым және «Дарын» ғылыми-зертеу орталығымен бірлесіп өткізіледі. Биыл Германия, Франция, Түркия, Индонезия сияқты мемлекеттерден 200-ге жуық студент қатысуда.
Бұдан бөлек, ҚазҰУ қатысуымен «Ғылым» ордасында 1-5 наурыз аралығына жоспарланған «Болашақ механикасы» атты ІІ халықаралық Жолдасбеков симпозиумы онлайн режимде өз жұмысын бастады.
Симпозиумның жалпы отырысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ресей халықаралық инженерлік академиясының президенті Борис Гусев, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов және тағы басқалар қатысты. Бағдарлама барысында АҚШ, Ресей, Франция, Жапония, Түркия, Иран, Ирак, Польша сияқты 15 елдің ғалымдарының атсалысуымен 120-дан астам ғылыми баяндама жасалады.
ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов өз сөзінде Өмірбек Арысланұлының машиналар мен механизмдердің теориясынана негізделген зерттеулерді дамытуға қосқан үлесі туралы баяндап, ғылымдағы рөліне тоқталды.
«Өмірбек Арысланұлы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін өмір жолын тек қана ғылым-біліммен байланыстырды. Ол 1962 жылы 31 жасында ғылым кандидаты, 1973 жылы 42 жасында ғылым докторы, сол жылы профессор атағын алды. Ғалым еңбегі шарықтаған 1970-1986 жылдар аралығында ҚазҰУ қалашығының негізін қалады. Әлемге жоғарғы класты машина жасау мен механизмдерінің теориясын жасаған үлкен ғалым ретінде танылды. Білім мен ғылымды ұштастырып, ғылым жетістігін тәжірибеге енгізуде көп еңбек сіңірді. Мен 1959 жылы Қазақ технологиялық институтында жоғары математикадан ол кісінің дәрісін тыңдаған бақытты шәкіртімін. Ғалымның дәрісін тыңдаған шәкірттері бүгінде елімізге танымал қоғам қайраткерлері»,- деді ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов.
Мерейтойлық шаралар түс ауа ҚазҰУ қабырғасында онлайн-конференциямен жалғасып, жиналғандар ғалым туралы естеліктерімен бөлісіп, ғылымдағы еңбектерімен бірге әріптестік, достық, адами қасиеттерін еске алды.
ҚР инженерлік академияның бірінші вице-президенті, академик, КСРО құрметті мұнайшысы Надир Надиров «Өмірбек Жолдасбеков қоғамға қызмет ету мен өз кәсібіне адал берілудің нағыз үлгісін көрсетті» деп атап өтті.
Орыс филологиясы және әлемдік әдебиет кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Баян Өмірбекқызы Жолдасбекова меретойлық шараларды ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Соңынан жиналғандар «Қазақфильм» киностудиясы ілгеріректе түсірген «Дядюшка Джо» деректі фильмін қызыға тамашалады.
www.kaznu.kz