Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Әбдіразақұлы Мәми және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының Атқарушы Директорының орынбасары Игорь Иванович Рогов университетке ат басын бұрып, ректор Жансейіт Түймебаевпен ҚазҰУ-дың Түлектер күнін ұйымдастыру және өткізуге қатысты мәселелерді талқылады.
Үстіміздегі 2021 жылы түлектер қауымдастығы Түлектер күнін 29 мамырда офлайн режимінде өткізуді жоспарлап отыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты факультеттер мен кафедралардағы кездесулер өткен жылдағыдай – ZOOM платформасында онлайн түрде жүзеге асады.
Кездесу барысында биылғы Түлектер күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналатындығы келісілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерінің ортақ мейрамы – Түлектер күнінің дайындығын талқылай отырып, Қайрат Мәми «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне қосқан үлесі» атты жинақ шығаруды ұсынды. Бұл идеяны ҚазҰУ ректоры Ж. Түймебаев және Түлектер қауымдастығы президиумының мүшесі, з.ғ.д., профессор Игорь Рогов қолдады.
Кездесу соңында атақты ҚазҰУ түлектері университетке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры шығарған «Қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуы» кітабын сыйға тартты.