«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбында онлайн-конференция

2021 жылдың 4 наурызында Қиыр Шығыс кафедрасы, жапонтану бөлімінің 2 курс куратор-эдвайзері Г.Б. Тазабекованың жетекшілігімен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбында онлайн-конференция ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - студенттердің туған жерге деген жауапкершілік сезімдерін ояту, отансүйгіштікті, азаматтықты, ұлтаралық төзімділікті, ел тарихына танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру. Онлайн-конференция үшін пайдаланылған негізгі материал - 2021 жылдың 5 қаңтарында Egemen Qazaqstan ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы.
Студенттер Аян Баян, Қайсар Камила және Данильева Айдана жоғарыда аталған мақалаға сүйене отырып, Қазақстан тарихы туралы, біздің еліміздің тәуелсіздікке жету жолындағы қиындықтары туралы өз презентацияларын ұсынып, сөз сөйледі. Сондай-ақ куратор-эдвайзер студенттер назарына республика тарихы туралы қысқаша бейнебаян ұсынды. Осыдан кейін конференцияға қатысушылар көрген бейнеролик төңірегінде пікір алмасып, Қазақстанның одан әрі дамуы мен өркендеуіне қатысты өз тілектерін білдірді.
Конференцияның соңында студенттер, Серікбекова Нұрайым, Амантай Гүлина және Ибрагимов Диас танымал қазақ және орыс ақындарының патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Жалпы, онлайн-конференция жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтті деуге болады.