Дінтану мамандығын ұйымдастырған ғалым – Мұхаммадияр Орынбеков

18 мамыр, 2011

18 мамыр күні ҚазҰУ-да философия факультеті, ғылым философиясы және дінтану кафедрасының ұйымдастыруымен философия ғылымдарының докторы, профессор М.С. Орынбековтың 65 жылдығына арналған «Ғасыр санасы: онтология, дін, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық конференцияға философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Абуов, Египет ислам мәдениетінің өкілі, профессор Ридо Аддакики, ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі Нағима Байтенова, ұстаз Жақан Молдабеков, философия және саясаттану институтының бас ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко, философия және саясаттану институтының меңгерушісі Серік Нұрмұратов, Мұхаммадияр Орынбековтың аяулы жары Данел Әлкейқызы секілді арнайы қонақтар мен шетелдік өкілдер қатысқан конференция нәтижелі өтті.

Конференцияда қазіргі заманғы онтология, мәдениет, дін мәселелері және әлеуметтік-мәдени, діни-рухани құбылыстар мен үдерістердің Қазақстан Республикасының әлеуметтік дамуындағы рөлін айқындауға арналған баяндамалар оқылды.

ҚР Әділет министрлігі діни істер жөніндегі комитетінің төрағасы Ардақ Досжан конференцияға қатысушыларына арнайы хат жолдапты. Өз хатында: «Елбасының салиқалы саясатымен Қазақстан үлкен дәрежеге жетті. Сыртқы саясат, бейбітшілік жолындағы аренаны бағындырдық. Алдағы жылдары дін мен мәдениеттің орнығуына әлі де қызмет ету керек. Мұқаммадияр Серікбекұлы да өз кезеңінде діни көзқарасты терең зерттеген ұстаз, ғалым екендігін бүгінгі жастар алдында насихаттап, осындай оңтайлы конференциялар ұйымдастыру өте орынды екендігін айтқым келеді» деген.

Ғылыми жиын философия мен саясаттану ғылымы іргесінде аттай 28 жыл қызмет атқарған Мұхаммадияр Орынбековтың ғылыми зерттеулері қазақ философиялық ойының қалыптасуы мен дамуының тарихи-әлеуметтік және діни-рухани алғышарттарын анықтауға бағытталды. М.С. Орынбеков қазақ философиясының мәні мен мазмұнын өткен ғасыр мұраларын, этномәдени дәстүрлер мен діни нанымдарды, дүниетанымдық ұстанымдарды талдай отырып айқындаған айтулы ғалым.

М.С. Орынбеков әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасын басқарған жылдары «Дінтану» мамандығының ашылуына және дінтанулық білім берудің қалыптасуына зор ықпал етті. М.С. Орынбеков ұзақ жылдар бойы ҚР БҒМ ҰҒА Философия және саясаттану институтының қазақ философиясы бөлімін басқарды, диссертациялық кеңес мүшесі болды. Көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын дайындап, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі