Мухаммад Али Жинна орталығы қайта жаңартылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде Мухаммад Али Жинна атындағы орталық 2019 жылдың 9 шілдесінде KAZ-PAK ассоциациясының қаржылық қолдауымен салтанатты түрде ашылған болатын. 2021 жылғы 10 наурызда Мухаммад Али Жинна атындағы орталық Пәкістан Ислам Республикасының тікелей қолдауымен заманауи инновациялық форматта техникалық әрі оқу материалдарымен толықтырылып қайта жаңартылды.
Арнайы ұйымдастырылған шараға қонақ ретінде Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі атынан әскери атташе Йасир Жанжуа, Пәкістанның Ислам Республикасының Алматы қаласындағы сауда-инвестициялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мухаммад Фаруқ, Пәкістан Ұлттық Банк басқармасының төрағасы Мухаммад Рафиқ, KAZ-PAK ассоциациясының Президенті Хабиб ур Рахман, сондай-ақ Алматы қаласында тұрып жатқан Пәкістан азаматтары, шығыстану факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен докторанттары қатысты.
Кездесу кезінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы тарихы, мәдени, тілдік байланыстар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінен кейін дипломатиялық, сауда-саттық, экономикалық, оқу-ағарту саласында нығая түскендігі айтылды.
Шараға қатысқандардың барлығы Мухаммад Али Жинна атындағы орталық – екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттыру, достық қарым-қатынасты нығайтуға қызымет ететіндігіне сенім білдірді.
Кездесу соңында факультет деканы Ықтияр Палтөре орталықты заманауи талаптарға сай жабдықтауға қолдау жасағандары үшін ризашылығын білдірді. Пәкістандық қонақтарға уаниверситет басшылығы мен ұжым атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
Айта кетерлігі 1992 жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапары кезінде дипломатиялық және консулдық қатынастар орнатылғандығының нәтижесі маңызды қадам ҚазҰУ-да шығыстану факультетінде урду бөлімінің ашылуына ықпал еткендігін, сол уақыттан бастап шығыстану факультетінде урду тілін білетін 50-ден астам маман даярланды. Қазір факультетте урду тілі бойынша 15 студент білім алуда. Жақын арада студенттер мен урду тілінің оқытушылары Пәкістанға тілдік тәжірибеден өту мақсатында барады деп жоспарлануда.