ҚазҰУ жаһандық рейтингін көтеруге мүдделі

12 наурыз, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы сапармен келген Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, алдағы уақыттағы ынтымақтастық бағыттарды талқылады.  

Кездесу барысында ректор Ж.Түймебаев университетті жоғары деңгейге көтеруге бағытталған ЖОО-ның қызметі туралы айтып, жаңа жоспарларымен бөлісті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2009 жылы міндеттеген әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде екі қазақстандық ЖОО-ның кіруі туралы тапсырмасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті абыроймен орындап, 2020 жылы университет QS жаһандық рейтингісінде үздік топ-200 қатарына кірді. «ҚазҰУ QS рейтингінде едәуір ілгері жылжыды, өткен жылы 165 орынды иеленуі – университеттің бәсекеге қабілеттілігі жоғары екендігінің дәлелді көрсеткіші, демек бұл шетелдік студенттер мен профессорларды, жергілікті талапкерлерді, сондай-ақ сенімді әріптес ретінде шетелдік жоғары оқу орындарын тартуға ықпал етеді», - деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов өз кезегінде, ҚазҰУ-інің пәндік рейтингте 13 дайындық бағыты бойынша жоғары көрсеткіштерге ие болғанын және бұл университеттің танымалдығын арттыруға бірден бір ықпал ететін нәтижелер екенін атап айтты.

«Ғаламдық жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынды даму үлгісін көрсете отырып, университет 9 жыл ішінде шамамен 500 орынға алға жылжығаны бізді қуантады. Соңғы жаңалық, ағымдағы жылдың 4 наурызында әлемнің 1200-ден астам университеттерін пәндік бағыттар бойынша сарапталған «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингінің нәтижелерін шығарды. Онда ҚазҰУ өзінің көрсеткіштерін едәуір жақсартып, пәндік рейтингтегі позициясын нығайтты. Өткен жылмен салыстырғанда университет «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша өз көрсеткіштерін 277-ден 156-шы орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріліп, оң нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық университеттер арасында жетекші орынды иеленетін, ҚазҰУ 13 пәндік бағыт бойынша өз оқу бағдарламаларының басымдығын көрсетті. Жақын арада біз QS Stars нәтижелерін жариялайтын боламыз. Аталған рейтингте де ҚазҰУ өз көшбасшылығын дәлелдеп, алғашқылардың қатарынан көрінеді деп сенемін», - деді Сергей Христолюбов.  

Кездесу барысында QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов, қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруда ғылымға баса мән беру қажеттігін айтып, еліміздегі университеттердің әр саладағы жетістіктері мен нәтижелеріне тоқталды және әртүрлі бағыттар бойынша QS жүргізген рейтингтік бағалау мен сараптамалық мәліметтермен де бөлісті. QS World University Ranking by Subject рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Сонымен қатар рейтингке кіретін сапалы көрсеткіштерге: түлектердің сұранысқа ие болуына, дайындығына, бәсекеге қабілеттілігі мен беделіне, ұлттық және әлемдік танымалдылығына, университеттің ғылыми мектептері (іргелі және қолданбалы) мен ғылыми бағыттарға да ерекше назар аударылады. 

 

Жұмыс сапары аясында QS өкілі сондай-ақ, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының қызметкерлерімен кездесіп, Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі бойынша мазмұнды баяндама жасады. 

www.kaznu.kz

 

 

 

www.kaznu.kz