19 мамыр күні ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның білім беру және ақпарат кеңістігіндегі PR орыны» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
2010 жылдан бастап, Қазақстан Республикасында «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша маман даярлау қайтадан қолға алынды. Бұл отандық PR-индустрия үшін бірегей оқиға болып табылады. «Қоғаммен байланыс» сұранысы мол, келешегі зор кәсіп болып табылады. Бұрыннан бар тәжірибені және қазіргі заманғы ерекшеліктерді ескере келіп студенттерді PR-қауымдастықтың жетекші тәжірибешілерімен бірлесе отырып жасаған жаңа үрдістер бойынша оқытуды бірінші болып қолға алды.
Конференцияда журналистика факультетінің деканы Е.О.Алауханов, баспасөз және Интернет журналистика кафедрасының доценті К.Қамзин, қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасының меңгерушісі А.В.Рожков, “Tuan tuan” мобильді маркетинг агенттігінің Бас директоры Н.А.Ахмеджанов, “Казахстанская правда” газетінен Елена Брусиловская, халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Н.С.Кенжеғұлова, қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасының доценті Ж.Бекболатұлы PR білімін дамытып, нығайту үшін корпоративтік мәдениет бойынша ғылыми зерттеулерді тереңдету, Қазақстандағы имидж бен брендинг бойынша зерттеулерге кешенді баға беру, мамандықтағы үрдістердің әлемдік тенденцияларын бағамдап отыру, баспасөз қызметтерінің мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарымен арадағы жұмысын жүйелендіру қажет екендігін кеңінен талқылады. Журналистика факультетінің студенті Артур Жұмашев PR білімінің өзіндік ерекшелігін ұсынып, тың идеяларды ортаға тастады.
Міне, сондықтан да PR негізін білу мамандар үшін аса қажет болып табылады. Дағдарыстан кейінгі қазіргі кезеңде түрлі салалардағы міндеттерді ойдағыдай шешу үшін ұйымның, сондай-ақ мемлекеттің жағымды имиджін қалай жасауды, қоғамдық пікірге қалай әсер ете білуді игеру қажет болатындығын бүгінгі халықаралық конференция дәлелдеп бергендей.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі