ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАПОН ТІЛІНЕН ШЕШЕНДІК ӨНЕР САЙЫСЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ

17 наурыз, 2021

Биыл 23-ші рет өткізілген шешендік өнер сайысы Қазақстандағы Жапония елшілігі, Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай-хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Ичикава жапон тілі мектебінен 16 студент қатысты.

23 жыл бойы жалғасып келе жатқан бұл тілдік сайыс Жапония мен Қазақстан арасындағы тығыз дипломатиялық, достық, өзара ынмақтастық қарым-қатынастың бір айғағы іспеттес. Сайысқа Қазақстандағы жапон кәсіпкерлер қауымдастығы, Қазақстандағы жапон қауымдастығы, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Жапонияның Цукуба Университеті, Жапонияның «Silk road» қоғамдық ұйымы, Sony Electronics компаниясы, Қазақстандық “New & Rare Resources” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетті. Сайысқа Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Казама Тацуя, Қазақстандағы жапон қауымдастығының төрағасының орынбасары Уцуми Ёщихиро және жапон тілі оқытушылары әділ қазылық етті. Шешендік өнер сайысының бас жүлдесі – Жапонияға жолдаманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 3-курс студенті Жуасбай Нұршат «Обал болады» деген тақырыбымен иеленді. 2-орынды Алматы қаласындағы Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының тыңдаушысы Панфилий А. жеңіп алса, 3-орынды Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Жумагельдина А., 4-орынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Мураткалиева А, 5-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Серікбекова Н., 6-орынды Алматы қаласындағы Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының тыңдаушысы Оразбаев С., Батырхан Құрмансейіт атындағы арнайы жүлдені Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Байдибекова А. иеленді.

Сайыс үздіктеріне Жапонияның «Silk road» қоғамдық ұйымының қолдауымен жарық көрген жапон тіліндегі «Абай» кітабы тарту етілді. Сондай-ақ сайысқа қатысқан барша үміткерлерге Қазақстандағы Жапония Елшілігі, Жапонияның Цукуба университеті дайындаған ынталандыру сыйлықтары табысталды.