"Біз жемқорлыққа қарсымыз" байқауы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Саналы ұрпақ» студенттер клубы «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» жобасы аясында тәлімгер жастар арасында республикалық шығармашылық конкурс ұйымдастырды.
«Біз жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбына негізделген сурет салу байқауына еліміздің ЖОО-ның студенттері мен мектеп оқушылары ерекше қызығушылық танытып, белсене қатысты. ҚазҰУ «Саналы Ұрпақ» студенттер клубының жетекшісі Раузана Мамырханның айтуынша, ЖОО-ның студенттері мен мектеп оқушылары арасында өткен республикалық конкурс нәтижесінде үздік деп танылған 34 сурет таңдап алынды. Республикалық байқауға қатысқан шығармашылық еңбектерге әділқазылар алқасының мүшелері республикалық жобалық офисінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев, тәрбие жөніндегі департаменттің директоры Жұлдыз Есімова, жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Мәдина Исқақова, «Сұңқар» студенттік кәсіподақ төрағасы Нуриддин Бақдәулет және «Саналы ұрпақ» студенттік клубының мүшелері тиісті бағаларын берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, суреттер түрлі техникалар мен стильдерді пайдаланып салынған. Әрбір сурет байқауға қатысушының жемқорлық проблемасына деген көзқарасын, оның қоғамға, жеке адамдарға келтіретін зияндарын қалай сезінетінін, түсінетінін көрсетеді.
Мысалы, ҚазҰУ механика-математика факультетінің ІІ курс студенті Махаббат Жұмағалиқызы өзінің суретінде жемқорлықтың тамыры бүкіл елімізге жайылғанын көрсеткісі келеді.
Ол Stop-корупция деп жазылған Қазақстанның картасында екі адамның бір-біріне пара беріп тұрған сәтін бейнелепті. Ал IT факультетінің II курс студенті Назым Аманжолова басшының жұмыс орнына дейін апаратын көпірді доллармен бейнелеген. Көпірмен ақша көтерген пара беруші келе жатыр. Ал көпірдің астында бір топ адам жұмысқа тұру үшін өз кезегін күтіп тұр. Бұл суреттің астарын түсіну қиын емес – проблеманың барлығы ақшамен шешіледі. «Менде патриоттық сезім оянды, осылайша бұл проблемаға көзқарасымды, өз ойымды ашық айттым. Бір қуантатыны қазіргі таңда еліміздің жастары сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресуде. Мен де сол жастардың қатарында елімізде білімділердің заманы орнауына өз үлесімді қосам», –дейді Назым Аманжолова.
Тәуелсіз Қазақстанның жастары сыбайлас жемқорлықтың бүгінгі қоғамға жат ұғым екенін және онымен күресуге деген құлшыныстарын конкурсқа жіберген суреттерінен байқауға болады. Тәуелсіз еліміздің болашағы, жаңа заман жастары жемқорлық сияқты қылмыстық іс-әрекеттерге қашанда да қарсы тұруы керек. Байқауға қатысушылардың суреттері осыны айғақтайды. Олар жіберген әрбір сурет конкурс талаптарына сай, тақырыпты ашатын, ынтамен салынған шығармашылық еңбек.
Байқаудың қорытындысы бойынша І орынға Т.Ж. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледжі І курс студенті Мадина Нұрдығалиеваның суреті лайық деп танылды. ІІ орынды ҚазҰУ механика-математика факультетінің ІІ курс студенті Жұлдыз Сейтбек, III орынды география және табиғатты пайдалану факультетінің III курс студенті Айзада Жанаева иемденді. Сондай-ақ, әділқазылар шешімімен «Ең креативті идея» номинациясы бойынша ҚазҰУ механика-математика факультетінің ІІ курс студенті Махаббат Жұмағалиқызы, «Көрермендер көзайымы» номинациясы бойынша IT факультетінің II курс студенті Назым Аманжолова байқаудың жеңімпазы атанды.
Жеңістеріңіз құтты болсын!
www.kaznu.kz