"Студенттік көктем - 2021" көркемөнерпаздар байқауы
Байқаудың мақсаты – жастар арасында салт-дәстүрді нығайту, ұлттық аспаптарды қастерлеу, бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды қалыптастыру. Әлемде болып жатқан пандемияға қарамастан, ҚазҰУ студенттері асыға күтетін бұл байқауға ҚазҰУ жастары белсене атсалысты. Байқаудың әділ-қазы алқаларына, өнері мен өнегесі жарасқан жастардың арасынан үздігін таңдау оңайға түскен жоқ. Дегенмен, сайыстың шарты да сол – оза шапқан жүйріктерді анықтау.
Байқаудың бас жүлдесін химия және химиялық технология факультеті жеңіп алды. Факультеттің өнерлі студенттері «Наурыз» мейрамының қазақ халқының тарихи оқиғаларына орай өрбуін актерлік шеберлік, би, вокальдық, аспапта орындаушылық өнерлерін үйлестіре отырып шебер жеткізе білді.
1-орынды өзіндік креативті идеясымен ерекшеленген механика және математика факультеті иеленді. Ұжымның ұйымшылдығы үйлесе қимылдаған билерінен көрініп тұр. Қазақтың көне ою өрнектерін қайта жаңғыртып, құмыраларды әшекейлеп отырған қыздар мен жауырыны қақпақтай жігіттердің белдесуі «Шеберлік пен шымырлық» тақырыбын толықтай ашып тұр. Айта кетерлік ерекшеліктері, ұмытылып бара жатқан әншілік өнер – ұрмалы аспаптардың сүйемелдеуімен дауысты тамақтан шығарып ән салу.
2-орынды филология факультеті және жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті иеленді. Студенттер Қазақстанның әр аумағында болса да, арнайы реквизиттер тауып, түрлі сахналық костюмдер киіп, ұлттық мейрамымызды ұлықтаумен қатар, эстетикалық сұлулыққа басымдық берген. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті бейнероликтерінің шымылдығын «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөзбен ашып, бармағынан бал тамған бүлдіршіндердің күйімен сүйсіндірді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдардың құнарлылығы мен құндылығын ұтымды көрсете білді.
3-орынды, жастарды тарихқа тағзым етуге, тәуелсіздігіміздің қадірін білуге, бейбіт елдің байтақ жерін қастерлеуге насихаттайтын көрсетілімдерімен ерекшеленген тарих факультеті мен философия және саясаттану факультетінің студенттері жеңіп алды.