«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
Ұстаз беделін арттыру үшін педагогика мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысын екі есе арттыру керек - ҚР Білім және ғылым министрі
АЛМАТЫ. 27 мамыр. ҚазАқпарат - /Әділет Мұсахаев/ Еліміздегі педагогикалық кадрлар дайындайтын білім ордаларының санын қысқартып, олардың ең негізгілерін, нағыз үздіктерін ғана қалдыру қажет.
Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бүгін Алматыда ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамымен кездесу барысында айтты.
Ол ұстаз мәртебесін арттыру, педагогикалық мамандарды дайындау мәселелеріне де тоқталып өтті. «Ұстаз беделін арттыру үшін бұл мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын басқа мамандық иелерімен салыстырғанда екі есе арттыруды және осы мамандықты таңдап жүрген талапкерлерді арнайы талаптардан, сынақтардан өткізуді қолға алу керек», - дейді министр.
Сонымен қатар ұстаздарға білім мен ғылымды дамыта отырып, тәрбие жұмыстарын да назардан тыс қалдырмай, басты назарда ұстауды міндеттеген министр ұстаз, мұғалімдерді үш сатылы дәрежеде қарау дұрыс деген шешімін айтты. Онда бірінші дәрежелі ұстаз еңбекақысына қосымша жүз пайыз үстемақы, екінші дәрежелі ұстазға жетпіс, ал үшінші дәрежелі ұстазға отыз пайыз үстемақы қосу ойларымен бөлісті.
Ұстаз - балалардың ата-анасынан кейінгі орында тұрған тәрбиешісі. Ұстаз - бала тәрбиесінде, оқушы, студент тәрбиесінде аса маңызды маман. Ендеше, ҚР Білім және ғылым министрі оқытушы-профессорларға, мұғалімдерге қойып отырған талап та, жүктелген міндет те ұлт әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға аса қажет талаптар екендігі даусыз.
Министрмен кездесу барысында ҚазҰУ-дың факультет декандары, институт директорлары сөз алып, алдағы мақсат міндеттерді атқаруға сақадай сай екендіктерін жеткізді.