ҚазҰУ студенттері «Мұстафа Шоқай» фильмнің шығармашылық тобымен кездесті
19 қараша күні Алматы қаласында Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» атты тарихи фильмі алғаш рет көрсетілді. Фильм өмірдің шынайы оқиғаларынан құралған. Фильмнің тұсаукесері алдында шығармашылық топ ҚазҰУ-дың студенттерімен кездесуді жөн көрді.
Студенттер қонақтарды ду шапалақпен қарсы алды. Олардың ішінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Ресейдің Еңбегі сіңген әртісі Наталья Арынбасарова, актер Әзиз Бейшенәлиев, «Қазақфильм» АҚ директоры Салтанат Жекебаева мен редактор Лаврентий Сон болды.
Университет басшыларынан тіл мен тәрбие жұмыстарының және оқу-әдістемелік бірлестік жөніндегі проректорлары Ш.Ә. Әмірбеков пен Г.Қ. Ахметова қонақтарды қарсы алды. Таңертеңгі рейспен Ресейден Алматыға ұшып келген Наталья Арынбасарова студенттерге өзінің жылы лебізін білдіріп, студенттік жылдары хақында әңгімелеп берді.
- Залға кірген сәтте жастарды көріп қуанып қалдым. Өзімді сіздердің араларыңызда сергек сезініп отырмын. Қазақстанда Қазақ ұлттық университетіндей білім ордасының барына мақтанам, - дейді актриса.
Кино майталманы Асанәлі Әшімов студенттерге оқуда озатты, сауатты болып қана қоймай, рухани және мәдени азықты байыту керектігін атап өтті. Оқумен ғана шектелмей, өмірден де біраз білім жинау керектігін ескертті. Қазіргі таңда А. Әшімов жаңа жоба бойынша жұмыс істеп келеді. Жобаның аты - «Бағбан». «Атаман ақыры» мен «Транссібір экспрессі» атты кинотаспалардың логикалық түйіні осы жобамен аяқталмақ. Сонымен қатар Асанәлі аға аталмыш кездесулерді жиірек ұйымдастырып, дәрістер оқып, шеберлік- мектептерін өткізіп тұруды ұсынды.
Кездесудің басты қонағы Мұстафа Шоқай рөлін сомдаған қырғыз актеры Әзиз Бейшенәлиев болды. Осы образды қалай сомдағанын саяси қайраткердің өмірімен алғаш сценариді оқығанда танысқандығын айта кетті.
- Бұл күнді барлығымыз асыға күттік. Жастар толы залды көріп қуанып отырмын. Біздің фильмге деген қызығушылықтың бары сезіледі. Мен үшін Мұстафа Шоқай өз ұлтын сүйген қаһарман. Кеңес үкіметі кезінде бұл алып тұлғаны халық жауы деп санаған. Әлі күнге дейін осы пікірді жақтап келе жатқандар аз емес. Менің ойымша, бұл үлкен қателік. Бұлай ойлауымыз Мұстафа Шоқай аруағын қорлағанымыз, - деп түйіндеді өз ойын Әзиз Бейшенәлиев.
Кездесудің мақсаты қазақ халқының жас буынын отандық киноөнеріне тәнті ету және халықаралық дәрежеге көтеру.
Енді шығармашылық топтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі - отандық кинопрокатта салиқалы орын алу. Сондықтан бүгінгі «Қазақфильм» киностудиясы ұсынып отырған жаңа жобаның ашылу салтанаты үлкен істің бастамасы ғана.
Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әрқашан да отандық кино өнерінің дамуына жағдай жасап, қолпаштайтындығын айтты. Қаладағы «КазГУград» студенттер кинотеатры өз репертуарына «Қазақфильмнің» «Алтын қорындағы» кинотуындыларын кіргізді. Енді студенттердің бұрынғы және жаңа отандық фильмдерді кез-келген уақытта, тиімді бағаға көре алатын мүмкіндігі бар.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызмет