ЭБЖМ «Бизнес технологиялар» кафедрасы «Маркетинг» мамандығы бойынша ХІІІ республикалық студенттер пәні Олимпиадасының нәтижелерін жариялады

30 сәуір, 2021

 

2021 жылы 16 сәуірде Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Бизнес технологиялар» кафедрасы Zoom қосымшасы арқылы онлайн түрде «5В051100 - Маркетинг», «6В04107 - Маркетинг» мамандығы бойынша XIII Республикалық студенттердің пәндік олимпиадасын ұйымдастырды.

 

Олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – университет ішінде, ректордың бұйрығымен бекітілген университеттің конкурстық комиссиясы конкурстық негізде университеттің үздік студенттерін іріктеп,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жіберді. Бірінші турдың қорытындысы бойынша 8 топ іріктелді. Екінші кезең - финалды кезең, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында онлайн форматында 3 турдан тұрды: видео сәлемдесу, жобаның презентациясы және «Цифрлық маркетингке негізделген өнімдердің эко-брендін қалыптастыру» тақырыбындағы жарнама бейнефильм мен кейс-стадидің талдау презентациясы.

 

Олимпиаданың жеңімпазы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Динамит» командасы болды. Екінші орын екі командаға берілді - Алматы қаласы, Алматы Менеджмент Университетінің «Конрад» пен Тұран Университетінің «Жеңімпаздар» топтары. Үшінші орынды үш топ алды - Алматы қаласы НарХоз университетінің «Элестет» тобы, Алматы менеджмент университетінің «Юность» тобы және Нұр-Сұлтан қаласынан Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Сириус» тобы.

 

Олимпиадада Қазақстанның 2 аймағындағы 8 университеттен 24 студент қатысты. Олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар табысталды.