"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
АЛМАТЫ. 7 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес факультетінің 2-курс студенті Динара Қонарова «БТА Банк» шәкіртақсының иегері атанды.
ҚазҰУ мен «БТА Банк» АҚ екіжақты әріптестік келісімге қол қойды. Университет тарапынан ректор Ғалымқайыр Мұтанов, банк тарапынан Басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов құжатқа қол қойды. «Біз «БТА-дан стипендия» жобасының ҚазҰУ-да бастау алғанына қуаныштымыз. Еліміздегі жетекші университетпен болашақта да әріптестігіміз жалғаса беретіндігіне сенеміз», - деді банк басшысы.
Ә.Сәйденовтың айтуынша, «БТА-дан стипендия» жобасы отандық жоғары оқу орындарында маманданып жатқан ең үздік студенттерді ай сайын арнайы шәкіртақымен қамтамасыз етіп отырады. Шәкіртақы айына 20 000 ұлттық теңге көлемінде немесе оқу жылына 200 000 теңге қаржы көлемінде ұсынылады.
Кездесу барысында «БТА Банк» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов 2-курс студенті Қонарова Динараға банк тарапынан студенттік шәкіртақы табыс етті.