Профессор А. Оспанованың 70 жылдық мерейтойы
Көктемнің шуақты алғашқы күнінде «Жоғары оқу орнының Үздік оқытушысы» республикалық байқауының екі дүркін жеңімпазы, ұлағатты ұстаз, физикалық химия, катализ және мұнай химия кафедрасының профессоры Оспанова Алья Капановнаның 70 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтойда факультет деканы Х.С.Тасибеков және кафедра меңгерушісі Е.А. Аубакиров жылы лебіздерін білдіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорының атынан оқу ордасының дамуына қосқан үлесі үшін Алья Капановна «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен және дипломымен марапатталғаны туралы айтып өтті.
Мерейтой онлайн түрде ZOOM платформасында өтті, сондықтан химия және химиялық технология факультетінің оқытушыларының көпшілігінің қатысуына мүмкіндік болды. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстарын бірге атқарып жүрген шет ел ғалымдары да қатысты. Соның ішінде Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Н.Ф.Уваров ғалым А.К. Оспанованың ғылым саласында көп жылдан бері қажырлы еңбек етіп жүргенін айтып құттықтауын жолдады.
Профессорымыздың алғашқы ұстазы, қазақ тілінде физикалық химия пәніне арналған бірнеше кітаптардың авторы, х.ғ.к., профессор Шабикова Г.Х. өзінің шәкірті болған Алья Капановнаның студенттік кезін еске алып, сол кездердің өзінде-ақ ғалым болуға құлшынысы жоғары болғанын айтып өтті. Физикалық химия және электрохимия кафедрасының түлегі Павлодар облысының ҚР сенаты депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүшесі Нухин А.Н. өз тілектерін жолдап, Алья Капановнаның ғылымдағы орнына тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі
А.К. Оспанованың жолын жалғастырушы шәкірттері: Ақтөбеден Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жаратылыстану факультетінің доценті Агишева А.А., Нұрсұлтан қаласы Назарбаев университетінен PhD Ментбаева А., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің профессоры Сейлханова Г.А., доцент Сыздыкова Л.И., Жусупова А.К. құттықтау тілектерін білдірді.
Бүгінгіде шәкірттерінің санасына білім сәулесін шашып жүрген әріптесімізге және құрметті ұстазымызға мықты денсаулық, отбасына амандық, жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріне үлкен абырой, шығармашылық табыстар тілейміз.