- Басты бет
- Жаңалықтар
- әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да нанотехнология бойынша халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да нанотехнология бойынша халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады
9 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде VIII халықаралық «Материалтану және наноматериалдарға арналған перспективалық технологиялар, жабдықтар және аналитикалық жүйелер» атты ғылыми конференция өз жұмысын бастады.
Конференция ҚР Білім және ғылым миннистрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Мәскеудегі болат пен қоспа институты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетті мен жапондық «Interactive Corporation» компаниясының ұйымдастыруымен өтуде.
Конференцияның ашылуында академик, ректор Ғалым Мұтанов Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов атынан келген құттықтау хатын оқып, конференцияға қатысушылардың барлығына сәттілік тіледі.
Ресей делегациясынан профессор Лев Кожитов осы тақырып төңірегінде жасалған жұмыстарға шолу жасап, өнім сапасын зерттейтін орталықтардың ашылғанын айтты. «Бүгінгі конференция бізге әріптестік байланыс орнатуға таптырмас мүмкіндік деп білемін. Біз баяндамалар жинағын басып шығаруда авторлардан талап ететініміз, автор нені ұсынады және байланыс көздерін көрсетуді ұмытпау», - дейді өз сөзінде профессор Лев Кожитов.
Ғылыми конференция жұмысында Ресей, Жапония, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Қырғызстан және Қазақстанның жас ғалымдары, Жапония, Ресей, АҚШ, Германияда нанотехнология саласындағы технологиялық құралдар жасайтын әлемнің жетекші компанияларының өкілдері қатысуда.
Тахехико Иидзука – «Interactive Corporation» компаниясының президенті «Қазақстанға бұл екінші рет келуім, сіздерге көп рақмет, біздің елдегі жағдайды ескере отырып, қолдарыңзыдан келген көмектен аянған жоқсыздар. Бұл конференция бірлесе жұмыс істеуге бастайтын басты жол. Тәжірибе алмасу ең керігі деп ойлаймын», - деп атап өтті.
Хидеки Хирано – JEOL (жапондық электроникалы оптика зертханасы) компаниясының вице-президентінің де Қазақстанға бұл екінші келуі. JEOL компаниясы осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында өз филиалдарын ашқан. Тек нанотехнология саласындағы құралдарды Қазақстанға тарату емес, сонымен қатар, ол құралдардың функционалды жұмыс істеуін жіті қадағалап келеді. «Бұл конференция аясында технология тұрғысынан ақпарат беріп қана қоймай, өз үлесімізді Қазақстандағы ғылымның дамуы қоссақ екен», - дейді JEOL компаниясының вице-президенті.
Пленарлық мәжiлiсте аналитика-технологиялық орталықтар және бiлiм беретiн басқа да зерттеу орталықтарының қазiргi нанотехнологиялардағы радиациялық әдiстер бойынша ғалымдардың баяндамалары оқылып, секция мәжiлiсінде жаңа технологиялық жабдықтарды зерттеуге, инновациялық технологиялар мен микро және нанорадиоэлектроника саласына арналып, әлем ғалымдарының конференцияда көрсетілген тақырып бойынша зерттеулері мен өңдеу жұмыстары тыңдалады.
ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында наноғылым мен нанотехнологияда бірқатар жетістіктерге қол жетті. Олардың біршамасы Нобель сыйлығының иегері де атанып үлгерді. Академик Ғ.Мұтанов пікірінше, нанотехнология саласындағы ғалымдар, үнемі жаңа нәтижелерге қол жеткізіп келеді, бұл жаңалықтар болашақта адам өмірі мен экологияда, өндірісте алға шығуға мүмкіндік береді, жас ғалымдардың қызығушылығы артуда.
Конференция осы жоғарыда аталған тақырыптардың шешу жолдарын ұсынып, пікір, тәжірибе алмасумен Қазақстандағы нанотехнологияның дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз.
Конференция екі күнге созылады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі