ҚазАқпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

9 маусым, 2011

Алматыда ғылыми конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде VIII халықаралық «Материалтану және наноматериалдарға арналған перспективалық технологиялар, жабдықтар және аналитикалық жүйелер» атты ғылыми конференция өз жұмысын бастады.

Конференция ҚР Білім және ғылым миннистрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Мәскеу Болат пен қоспа институты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен жапондық «Interactive Corporation» компаниясының ұйымдастыруымен өтіп отыр.

Алқалы жиынның ашылуында академик, ректор Ғалым Мұтанов Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов атынан келген құттықтау хатын оқып, конференцияға қатысушылардың барлығына сәттілік тіледі.

Ресей делегациясынан профессор Лев Кожитов осы тақырып төңірегінде жасалған жұмыстарға шолу жасап, өнім сапасын зерттейтін орталықтардың ашылғанын айтты. «Бүгінгі конференция бізге әріптестік байланыс орнатуға таптырмас мүмкіндік деп білемін. Біз баяндамалар жинағын басып шығаруда авторлардан талап ететініміз, автор нені ұсынады және байланыс көздерін көрсетуді ұмытпау», - дейді өз сөзінде профессор Л.Кожитов.

Ғылыми конференция жұмысында Ресей, Жапония, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Қырғызстан және Қазақстанның жас ғалымдары, Жапония, Ресей, АҚШ, Германияда нанотехнология саласындағы технологиялық құралдар жасайтын әлемнің жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

«Қазақстанға бұл екінші рет келуім, сіздерге көп рақмет, біздің елдегі жағдайды ескере отырып, қолдарыңыздан келген көмектен аянған жоқсыздар. Бұл конференция бірлесе жұмыс істеуге бастайтын басты жол. Тәжірибе алмасу ең керегі деп ойлаймын», - деп атап өтті өз сөзінде «Interactive Corporation» компаниясының президенті Тахехико Иидзука.

Хидеки Хирано - JEOL (жапондық электроникалы оптика зертханасы) компаниясының вице-президентінің де Қазақстанға бұл екінші келуі екен. JEOL компаниясы осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында өз филиалдарын ашқан болатын. Олар тек нанотехнология саласындағы құралдарды Қазақстанға тарату емес, сонымен қатар, ол құралдардың функционалды жұмыс істеуін жіті қадағалап келеді. «Бұл конференция аясында технология тұрғысынан ақпарат беріп қана қоймай, өз үлесімізді Қазақстандағы ғылымның дамуына қоссақ екен», - дейді JEOL компаниясының вице-президенті.

Пленарлық мәжiлiсте талдау-технологиялық орталықтар және бiлiм беретiн басқа да зерттеу орталықтарының қазiргi нанотехнологиялардағы радиациялық әдiстер бойынша ғалымдардың баяндамалары оқылып, секция мәжiлiсінде жаңа технологиялық жабдықтарды зерттеуге, инновациялық технологиялар мен микро және нанорадиоэлектроника саласына арналған әлем ғалымдарының конференцияда көрсетілген тақырып бойынша зерттеулері мен өңдеу жұмыстары тыңдалды.

ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында наноғылым мен нанотехнологияда бірқатар жетістіктерге қол жетті. Олардың біршамасы Нобель сыйлығының иегері де атанып үлгерді. Академик Ғ.Мұтановтың пікірінше, нанотехнология саласындағы ғалымдар, үнемі жаңа нәтижелерге қол жеткізіп келеді, бұл жаңалықтар болашақта адам өмірі мен экологияда, өндірісте алға шығуға мүмкіндік береді, жас ғалымдардың қызығушылығы артуда.

Маусымның 10-на дейін жалғасын бұл конференция осы жоғарыда аталған тақырыптардың шешу жолдарын ұсынып, пікір, тәжірибе алмасумен Қазақстандағы нанотехнологияның дамуына өз үлесін қосады деп білеміз.