«Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп менеджментінің қазіргі жағдайы мен мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті

9 маусым, 2011

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 9 маусымда «Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп менеджментінің қазіргі жағдайы мен мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, еліміздің әр аймағынан келген жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде қазіргі жоғары оқу орындарындағы мәселелер және жоғары оқу орындарын тиімді басқарудың әдісі, жоғары оқу мекемелерін басқарудың жаңа жолы және жоғары мектеп менеджментінің даму болашағы жайында тақырыптар қозғалып, отандық оқытушы-профессорлар өзара пікір алмасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры, жақында ғана халықаралық деңгейдегі оқытушы құрмет атағымен марапатталған профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев университеттің менеджменті турасында кеңінен тоқталып, отандық әріптестерімен тәжірибе бөлісті. «Еліміздегі жоғары оқу орындарының көшін бастап тұрған ҚазҰУ-да менеджмент өте жақсы дамыған. Бізде ғылыми кеңес, ақпараттық технологиялар бойынша кеңес, қоғаммаен байланыс кеңесі сияқты менеджмент саласын тиімді атқаруға бағытталған бірнеше кеңестер жұмыс істейді. Әр кеңес жұмысы менеджменттің тиімді жүргізілуіне ықпал етеді. Университет басшылығының талабына сай университеттегі ғылыми зерттеу институттары, факультеттер және кафедралардың барлығы тиімді жобалармен арнайы жұмыс істеп, шетелдік әріптестікті дамытуда. Университетте Матричтік жүйе қызмет атқарып келеді. Бүгінде Кайдзен жүйесін тәжірибеге енгізіп отырмыз. Бұл жүйелер Жапонияда және тағы да басқа шетелдік компанияларда, жоғары оқу орындарда кеңінен қолданылады. Өздеріңіз байқап отырғандай бұл жүйелер университет рейтингісін арттырады», - дейді профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев. Сонымен қатар пәндерді ағылшын тілінде де өткізу үдерісін енгізу – ұлттық зерттеу университетіне айналуда жоғары көрсеткішке жетелейтінін, ол үшін шетелдік ғалымдарды шақыртумен қоса, отандық оқытушылар да шет тілін еркін меңгеруі қажет екендігін айтып өтті. Дөңгелек үстелде белгілі болғандай, түлектер де өз кезегінде университет менеджменттінің нәтижелі атқарылуына толағай үлес қосады. Батыстық, жалпы кәсіпкерлік психологияда түлек тек үздік университетке, кәсібилікке жетуіне үлкен бағдар берген білім ордасына ғана қолдау көрсетеді деген пайым бар екен. Бұл орайда, түлектер қоры эндаумент деген атауға ие. Ал, эндаументтің жақсы қызметі сол университет менеджментінің жүйелілігін байқатады.

Ғалымдар жоғары оқу мекемелерінің басқарудың жаңаша түрін қарастыру қажет екендігін айтты. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы Үздіксіз білім беру орталығының директоры Оралбай Дәрменов: «Менеджменттің дұрыс болуы білім сапасының жақсаруына ықпал етеді. Білім сапасын жақсарту үшін ұстаздарды, оқытушыларды қағазбастылықтан алыстату керек. Министрліктен келетін тексерістер қағаз жұмыстарын көбейтеді де, оқытушыны алаңдатып, оқыту үдерісіндегі уақытын зая кетіретіні жасырын емес. Оқытушы есеп-қисап, қағазбен уақыт кетіргенше, білім, ғылымға көп уақыт бөлу міндеті. Ендеше менеджментті жақсартудың бір жолы – осы қағазбастылықты бір жүйеге келтіру керек деп есептеймін», - деген ойын жеткізді. Профессордың айтуынша, жоғары оқу орындары менеджментінің жақсаруына университеттермен қатар министрлік те тиімді жолдарды тәжірибеге енгізіп отыруы қажет деген пікір айтты.

Дөңгелек үстел қатысушылары менеджменттің тиімді жүргізіліп жатқандығын түлектердің бірден жұмысқа орналасуынан байқауға болатындығын айтты. Ол үшін, жоғары оқу орындары қоғам сұранысына сай маман дайындап, қоғамға қандай кадрлар керек екендігіне зерттеулер жасап отыру қажеттігін де айтты.

Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп менеджментінің қазіргі жағдайы мен мәселелері барысында ғалымдар пікір алмасқаннан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Біліктілікті арттыру институтының директоры университетте өткен «Жоғары мектеп менеджменті» крсының 2 топтағы бірінші тыңдаушыларына мемлекеттік үлгідегі куәліктер табыс етті. Курсқа еліміздің әр өңірінен келген 27 тыңдаушы қатысқан. Курс ҚазҰУ-да 30 мамырдан бүгінге дейін өтті.

«Курс Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарын басқарудың (менеджментінің) бүгіні мен мәселелерін айқындауға мүмкіндік берді. Ертеңгі күні еуропалық және дүниежүзілік білім беру кеңістігінде ЖОО табысты іс атқару үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үлгісін негізне ала отырып, менеджмент мәселесін қалай қою керек деген сұрақты шешуге бағыт берді. Сонымен қатар менеджменттің әлемдік үлгідегі жаңа қырларымен таныстырып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады», - дейді М.Х. Дулати атындағы ТарМУ Ғылыми бағдарламалар орталығының бастығы Әзберген Іңкәрбекұлы. Ал, ҚазҰУ Біліктілікті арттыру институтының директоры Барлық Шайкенов: «Курс барысында ҚазҰУ-дың менеджмент жағдайымен таныстырып, әріптестерімізбен тәжірибе бөлістік. ҚазҰУ-ды отандық білім және ғылым саласының көшбасшысы ретінде қабылдап, бізді өздеріне үлгі етіп алады. Осыны ескеріп, университетте не атқарылып жатқандығын, қандай менеджменттік жүйелер қолданылатындығын, менеджментті қалай тиімді қолдану қажеттігінен дәрістер оқыдық», - деген ойымен бөлісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі