
Халықаралық қатынастар факультетінің Халықаралық құқық кафедрасының студенттері SDU MOOT COURT CUP 2021 Республикалық турнирінің жеңімпаздары атанды.
Шараға КИМЭП, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, А.Байтұрсынов атындағы ҚАУ, Нархоз және басқа да ЖОО студенттері қатысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан үш команда қатысып, олардың екеуі орыс және қазақ лигасында бірінші орындарды иеленді. Байқау орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде онлайн форматта өтті.
Қазақ лигасында «Халықаралық құқық» мамандығының үшінші курс студенттері: Аппазов Алмаз, Сейітқадыр Олжас, орыс лигасында Жақсыбаева Ақбота мен Қазақбай Дана жеңімпаз атанды. Еліміздің білім ордалары арасында өтетін беделді байқауға студенттерді даярлаған – Халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Л.Нысанбекова.
Республикалық турнирдің ең қызықты әрі пайдалы форматтарының бірі – Moot Court. Бұл Moot Court – пікірталас элементтері бар ойын түріндегі сот процесі. Яғни сот жүйесінің модельдеуін білдіреді. Онда студенттер жазбаша жұмыстарды алдын ала даярлап, екі тараптың: талапкердің де, жауапкердің де атынан меморандумдар, одан кейін ауызша тыңдау кезінде өз ұстанымдарын ұсынады. Студенттер үшін мұндай іс-шараларға қатысу теориялық білімді қолдануға және кәсіби дағдыларды, әсіресе адвокатура өнерін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мансаптық өсудің басталуы үшін жақсы бастама.
Моот Court әлемдегі заң, құқық мамандықтарының студенттеріне арналған байқау қатысушыларын GRATA International, Synergy Partners, Integrites сынды ірі компаниялардың өкілдері бағалады.