Тәлім берген тағылымдамаFarabi University

Тәлім берген тағылымдама

13 мамыр, 2021

ЖОО арасындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы аясында білім ордасының бір топ магистранттары Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының халықаралық құқық факультетінде онлайн форматта ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ресей экономикалық даму министрлігінің БССА Халықаралық құқық кафедрасы дайындаған тағылымдама бағдарламасына сәйкес, магистранттар он күн бойы онлайн-дәріс, тәжірибелік семинар және шеберлік сыныптарына қатысып, әрқайсысы диссертацияларының мазмұндық бөлігіне қатысты жетекші ғалымдардан жеке кеңес алды.

Ресей және Қазақстан халықаралық құқық мектептерінің оқу орындары арасындағы тәжірибе мен білім алмасу магистранттарды даярлау сапасын жетілдіруге, ғылымда жаңа білім мен жаңалықтар алуға қуатты серпін береді.    

Тағылымдамадан өту барысында магистранттар Ресей ЖОО кітапханасының электрондық ресурстарына, оқытылатын курстар бойынша оқу-әдістемелік материалдарға қол жеткізіп, магистрлік зерттеу тақырыптары бойынша қосымша мағлұматтар жинау үшін ғылыми қорды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ тағылымдама шеңберінде Халықаралық құқық кафедрасының доценті И.М.Лифшицтің басшылығымен ғылыми-зерттеу жұмысының әдістемесіне арналған бірлескен ғылыми семинар ұйымдастырылып, онда магистранттар диссертациялардың ережелерін талқыға салып, баяндама жасады. Нәтижесінде құнды тәжірибе мен жаңа білім қорын жинақтаған тәлімгерлер Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының халықаралық құқық факультетінің ұжымына ерекше алғыстарын білдірді.