Франция жоғары оқу орындары мен ҚазҰУ арасында тығыз әріптестік орнайды
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне франциялық деллегация келді.
Олардың қатарында Францияның Сыртқы істер министрі Gilles Mametz, Франция Елшілігінің білім жөніндегі атташесі Noemie Larroilh, Франция Білім министрі Robert Prosperini сонымен қатар бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтарының, институттардың басшылары мен өкілдері бар.
14-16 маусым аралығында Астанада өткен Қазақстан-Француз жоғары оқу орындарының ІІ Халықаралық форумына қатысқан шетелдік әріптестер еліміздегі іргелі білім ордасына арнайы келіп, университеттің қызметімен танысты.
Франция Елшілігінің білім жөніндегі атташесі Noemie Larroilh: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақстандық жоғары оқу орындары арасында студенттер алмасып оқыту, академиялық ұтқырлық және инновациялық салалар бойынша әріптестік орнатып отырған бірегей оқу орны. Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Алда жаңа жобалар мен тың бастамалар ұласа берсін», - деген пікірін айтты. Ал Агрономиялық зерттеулерді дамытудың Халықаралық қатынастар орталығының өкілі Bernard Faye орталықта жасалынған диссертацияларды атады. Қазақстанда өткен форумнан кейін алда ауылшаруашылығына байланысты соның ішінде шұбат, қымыз сияқты сусындарға зерттеу жұмыстары жасалынып, түйетануды дамыту ойларын жүзеге асырғысы келетіндігін жеткізді. Бұл орталықта бүгінде қорғалған 35 диссертациялық жұмыстың 10-ы халықаралық басылымдарда жарияланып үлгерген.
Франциялық ғылыми-щерттеу орталықтарының қызметінен танысқаннан кейін қонақтардың назарына ҚазҰУ-дың «Ғылыми-технологиялық паркінің» жұмыстары мен мақсаттары ұсынылды.
Шетелдік әріптестеріне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұлттық зерттеу университетіне айналу жолындағы жұмыстарымен, білім ордасында атқарылып жатқан жетістіктермен бірінші проректор Мұқамбетқали Бүркітбаев таныстырып өтті. Францияның университеттерімен ғылымның қай саласында болсын әріптестік орнатуға ықылас танытты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі