- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да журналистика факультеті түлектеріне салтанатты түрде диплом табыс етілді
ҚазҰУ-да журналистика факультеті түлектеріне салтанатты түрде диплом табыс етілді
Бүгін еліміздегі журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің профессор Темірбек Қожакеев атындағы акт залында журналистика факультетінің 2011 жылғы түлектеріне салтанатты түрде диплом табысталды.
Биыл журналистика факультетінде қазақ және орыс бөлімін қоса есептегенде барлығы 118 түлек бітіріп отыр. Олардың 105-і бакалавр, ал 13-і магистр түлектер. Түлектерге дипломды университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және журналистика факультетінің деканы, профессор Есберген Алауханов табыс етті.
Салтанатты шара барысында бітіруші түлектерді және бұқаралық ақпарат құралдарын кәсіби мерекелерімен құттықтаған ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы: «Журналистер ой-танымының, біліктілігі мен кәсібилігінің ел дамуында үлесі зор. Баспасөз – халық айнасы. Біз бүгін қарашаңырақтан түлектер ұшырып, медиа-нарық қатарын жас буынмен толықтырып отырмыз. Бұл түлектер жоғарыбілікті мамандар қатарын құрап, киелі орда үмітін ақтайды деп сенеміз», - деп атап өтті. Сонымен қатар кезінде журналистика факультетін тәмамдап, бүгінде республикалық белді басылымдарда, теле-радиоларда қызмет етіп жүрген журналистерге алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында «Хабар» телеарнасы бас продюсерінің орынбасары Арман Ысқабылұлы, Қазақ радиосының бас директоры Ғалымжан Мелдеш, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және тағы да басқа бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері бар.
Өз кезегінде «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры - редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінің Алматылық бюросының меңгерушісі Валерий Жандәулетов сияқты аға журналистер түлектерді құттықтап, шығармашылық табыс, кәсіби өрлеу тіледі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті киелі білім ордасы. Мұнда белгілі ғалымдар, тәжірибелі журналистер, елімізде және шетелде танылған ғалымдар жұмыс істейді. Факультетте отандық студенттер мен әлемнің 10 елінен келген шетелдік студенттер дәріс алады.
Журналистика факультетінің студенттеріне кәсіби амандану үшін ҚазҰУ-да барлық қажетті жағдайлар жасалған. Білім ордасында заманауи жабдықталған теле-радио кешені, «Қазақ университеті» апталық газеті және баспахана бар. Оқу үдерісі барысында болашақ журналистер осы орталықтарда өз қабілеттерін дамытып, тәжірибеден өтеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі