Студенттер Сенаты кең қанат жайып келеді

3 ақпан, 2009

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 42 белсенді студенті университет басшысы Бақытжан Жұмағұловпен кездесіп, студенттер басқармасының көкейкесті мәселелерін талқылады. 

Қарашаңырақтағы ректор мен студенттердің бас қосуы үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алайда осы аталмыш кездесудің маңызы ерекше. Қатысушылардың көздеген мақсаты - студенттік ұйымдардың қызметін дамыту, әрі студенттер  басқармасының мүмкіндіктерін кеңейту.

Диалог университеттегі студенттер Сенатының қызмет бабы мен құрылымын таныстырумен басталды. Басшылардың студент мәселесіне бей-жай қалмағаны студенттерді ынталандырса керек, жастардың өзі студенттік ұйымдардың жұмысы қызу екенін мәлімдеді. Студенттердің қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысуына жағдай жасап отырған жоғары оқу орны әкімшілігінің маңызы зор. Сонымен қатар университет ректоры ақылы бөлімде оқитын белсенді студенттерге жеңілдіктер жасауды қарастырып, келесі оқу жылынан бастап оқу озаттарына да арнайы жеңілдіктер көрсететіндігін мәлім етті. Жаз мезгілінде студенттер жұмыссыз қалмайтындығына ректор сенімді: университеттік кешеннің екінші кезектегі құрылысына қатыстыру үшін студенттер жасағы құрылмақ.

Жоғарғы оқу орнының әкімшілігі мен студенттер Сенаты көптеген сауалдарды талқылап, студенттік ұйымдардың қызметіндегі уақыт талабынан туындаған жаңа бағыттарды сөз етті. Сенат құрылымына студенттік омбудсменнің енгізілуі де қызығушылық тудырды. Университет басшысы жақында ғана омбудсмен қызметіне тағайындалған Тақан Ғиззатовпен танысып, білікті саясаткер ретінде өзінің ақыл-кеңестерін берді.

Сенаттың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі ректордың ұсыныстары студенттерді елең еткізді. Келесі оқу жылынан бастап Сенат студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесін өз қолдарына алуы керек. Сонымен қатар студенттер өз бетінше мәдени-бұқаралық жұмыстарды атқара алатындығын ескертті. Атап өтсек, Студенттер клубы, КВН, Жастар орталығы сынды оннан астам үйірмелер жұмыс істейтін Студенттер сарайының қызметін қадағалауы тиіс.  Университет басшылығының мәлімдеуінше бұдан былай студенттерге қатысты барлық мәселелер Жастар ұйымы комитетімен кеңесе отырып  жүзеге асырылады.

Студенттер мен университет басшылығының арасындағы өзара тиімді диалог жалғасын тапса екен деген тілек-талаптар да түсіп жатты. Ректор болашақтың жарқын болуы жас ұрпақтың қолында, сондықтан жастар студенттік кезден бастап өз тағдырларын басқарып үйренуге талпыну керек екенін айтты.

- Мен университеттің болашағын ойлауға міндеттімін, осы мақсатта  ұсыныстарыңыз бен ойларыңызды ортаға салсаңыздар, - деді Бақытжан Жұмағұлов. 

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі