- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ректор ҚазҰУ-дағы оқу ісі мен зерттеу университеті қандай болу керектігіне тоқталды
Ректор ҚазҰУ-дағы оқу ісі мен зерттеу университеті қандай болу керектігіне тоқталды
27 маусым күні ғылыми кеңестің 2010-2011 оқу жылына соңғы отырысы өтті. Химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлхайыр Мансұровты 65-жасқа толуымен ректор арнайы құттықтап, барлық факультет декандары атынан филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы сөз сөйлеп, ізгі тілегін айтты.
Философия және саясаттану факультеті әлеуметтану кафедрасының 3 оқытушысы үздік мұғалім атанып, білім беру ісінің құрметті қызметкері медалімен марапатталды. Олар: Гүлмира Әбдрайымова, Гүлнапис Әбдікерова және Назым Шеденова (ғылымға қосқан үлесі үшін).
Сондай-ақ, экономика және бизнес жоғарғы мектебінің 5 студентіне 10000 теңге көлемінде, 10 жыл бойы арнайы Кенжеғали Сағадиев атындағы стипендия тағайындалды.
Күн тәртібінде ректор Ғалымқайыр Мұтанов пен оқу ісі жөніндегі проректор Гүлнәр Балақаеваның баяндамалары тыңдалды. Ректор «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне трансформациялануы және халықаралық жоғары оқу орындарының рейтингінде жылжу аясындағы жағдайы мен даму перспективалары туралы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұлттық университеттің зерттеу университетіне айналудағы жоспарлары мен оқу құрылымындағы енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталды. «Трансформация – құрылымдық модернизациядан басталады. Заманауи зерттеу университеті болу үшін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ғылым, білім мен инновацияны қатар алып жүру керек, студенттерге теория-тәжірибе-мансап қағидаларын негізге алып, ғылыммен айналысуға мүмкіндік жасау керек», - деп атап өтті ҚазҰУ ректоры. Ең басты алдағы мақсат – халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне айналу. Магистратура мен докторантураға көп көңіл бөлініп, ҚазҰУ студенті үшін ғылыммен айналысу үшін барлық мүмкіндік пен зерттеу зертханалары болады. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы көлемі бойынша ең үлкен кітапхана ғимараты да ҚазҰУ қалашығында салынып жатыр, келесі оқу жылының басында іске қосылады.
Басты өзгерістердің бірі, бірнеше факультеттердің аталуы өзгертіліп, мамандықтар, кафедралар біріктірілді.
Оқу ісі жөніндегі проректор Гүлнәр Балақаева жазғы емтихан қорытындысы және жаңа оқу жылына қойылатын мақсаттарға тоқталды. Емтихан нәтижесі бойынша көрсеткіштермен таныстырып, келесі оқу жылында емтихан сұрақтары мен билеттерін даярлауға оқытушылар көп көңіл бөліп, жаттанды қалыптағы сұрақтармен шектелмей, қоғамдық-саяси тақырыптардан да сұрақ енгізу керектігін айтты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі