Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Олжас Сүлейменовтің 85 жасқа толуына орай арнайы оқу аудиториясы ашылды

24 мамыр, 2021

2021 жылдың 19 мамырында сағат 11.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, География және табиғатты пайдалану факультеті, Картография және геоинформатика кафедрасында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 85 жасқа толған мерейтойына арналған оқу аудиториясының ашылу салтанаты өтті.

 

Салтанатты шараға Олжас Омарұлы Сүлейменов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, құрметті қонақтар, факультет деканы, профессорлар мен оқытушылар және студенттер, магистранттар және жас ғалымдар қатысты.

Танымал ақын саяси қайраткер ретінде бірқатар мемлекеттік қызметтер атқарған. Үлкен еңбегінің нәтижесінде Қазақстандық және шетелдік марапаттарға ие болған. 1964 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы; 1967 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы, 1972 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы берілді. 1992 жылы Қазақстанның Халық Жазушысы атағын алды, 2000 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығымен марапатталды.

Олжас Сүлейменов 2001 жылы І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды, одан бөлек Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, "Даңқ белгісі", "Отан" медальдарымен марапатталған.Әзірбайжан республикасының "Шухрат" орденімен, Украинаның "Ярослав Мудрый", Шешен республикасының, Франция және Ресейдің "Достық" орденімен марапатталған. 2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын иеленді. 2018 жылы Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты болды.

            Университет басшысы Олжас Омарұлын мерейтойымен құттықтай отырып, қоғам және мемлекет қайраткерінің еліміздің дамуы мен гүлденуіне, сонымен қатар әлемдік мәдениет пен әдебиетке қосқан үлесі жайлы сөз қозғады. Іс-шара барысында Олжас Сүлейменовтың студенттік шақта бірге білім алған замандастары жылы лебіздерін жолдап, ыстық естеліктерімен бөлісті.

            Атаулы шараға кафедра студенттері мен жас ғалымдары белсенді қатысып, халық жазушысына төл туындыларын арнады.

            Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Геология-география факультеті (қазіргі География және табиғатты пайдалану факультеті) қабырғасында білім алған студенттік жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, шығармашылығына шабыт беруші әрі рухтандырушы күштің бірі – өзі оқыған «Геология» мамандығы екендігін атап өтті. Ақынның бұл сөздері жиналған жастарға ерекше әсер етіп, жігерлендіріп, мамандыққа деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсті.

 

ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы-71, Әл-Фарабиатындағы ҚазҰУ, География және табиғатты пайдалану факультеті, Картография және Геоинформатика кафедрасы 305 аудитория

Кафедра меңгерушісі А.А.Асылбекова тел.:+77273773330 (1274), моб.: +77018444778