Діни сауаттылық – қауіпсіздік кепілі

26 мамыр, 2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Мәскеу ислам институтының ректоры, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мухетдиновпен кездесті. Әңгіме барысында тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен серіктестік бағыттарын талқылады.


Оқу орнының басшысы алдымен дін саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Көрнекті мемлекет қайраткері ретінде ол конфессияаралық және өркениетаралық диалогты жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, діни ағарту жұмыстарының маңыздылығына мән берді.

Сонымен қатар ректор білім ордасының философия және саясаттану факультетінде дінтану және мәдениеттану кафедрасы жұмыс істейтінін тілге тиек ете келе, мәдениет, ғылым мен білім беру салаларындағы өзара ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.


Қадірменді қонақ өз кезегінде Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының бітімгершілік қызметі туралы әңгімеледі. Дамир Мухетдинов діни алауыздықтың алдын алу, лаңкестікке қарсы күрес шаралары жайлы айта келе, жастардың діни сауаттылығын арттыру бағытында ары қарай бірлесе жұмыс істеуге ниеттестігін жеткізді.

Айта кетсек, мәртебелі мейман бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында университет қабырғасында оқытушылар мен студенттерге арнап бұқаралық дәріс оқыды.

Сондай-ақ кездесуде дін мен салт-дәстүріміздің үйлесімділігі мен ерекшеліктері сөз болып, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жолдары жан-жақты қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі