Шетелдік студенттердің қатысуымен жазғы мектеп
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркия Республикасының бірнеше университеттерінің (Хаджеттепе университеті, Сивас Жумхуриет университеті, Мугла Сыткы Кочман университеті тб.) «Қазіргі түркі тілдері» кафедрасында білім алып жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен 2021 жылдың 14 маусым мен 3 шілде аралығында «Қазақ филологиясы және этнографиясы» тақырыбында онлайн форматта жазғы мектеп өтуде.
Жазғы мектептің мақсаты шетелдік тыңдаушыларға қазақ халқының дүниетанымы, наным-сенімдері, ұлттық паремиологиялық қор, ортағасыр жазба ескерткіштеріндегі ғаламның тілдік бейнесі және оның қазіргі қазақ танымымен сабақтастығы, қазақ тілінің семантикалық және құрылымдық ерекшеліктерімен таныстыра отырып, қазақ халқы мен түркі халықтарының ортақ тілі, әдебиеті мен тарихын зерделеу. Әрі бұл шара Қазақстан-Түркия арасындағы білім және ғылым кеңістігіндегі ортақ ғылыми зерттеу жұмыстарының жалғасы. Жазғы мектепке 35-ке жуық шетелдік студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысуда. Дәрістер қазақ, түрік тілдерінде Түрксой кафедрасының оқытушылары тарапынан «Қазақтардың кейбір ырымдарымен наным-сенімдері», «Қазақ дүниетанымы және сопылық ілім», «Қазақ тіліндегі көне парсы тілінің элементтері», «Қазақ хикаяларындағы персонаждар генезисі», «Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестердің қолданылуы және лингвомәдени ерекшеліктері», «Жыраулар поэтикасы», «Қазақ руларының аймақтық орналасуы және ру атауларының этимологиялық мағынасы», «Сөз семантикасын зерттеу әдістері» және басқа да өзекті тақырыптар бойынша өткізілуде. Курс нәтижесінде тыңдаушылар мен дәріскерлерге сертификат беріледі.