Индонезия университеттерімен байланыс күшейеді

9 қыркүйек, 2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы Индонезия Республикасы елшілігінің кеңесші-уәкілі Иман Прарахадиан Хавидпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Оқу орнының басшысы Индонезия университеттерімен қалыптасқан өзара әріптестік барысына шолу жасай отырып, ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолдарын ұсынды. Бұл ретте ректор Индонезияның өзге де жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Оқытудың озық әдістерін енгізу, ғылыми зерттеулерді дамыту бағытында тәжірибе алмасу үшін бірлескен офлайн және онлайн конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар өткізудің қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында жүргізіліп жатқан зерттеулер туралы материалдарды жариялау және тәжірибе алмасу, ғылым мен инновацияларды дамытудың басым бағыттары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастырудың маңыздылығына назар аударды.

Елшілік өкілі өз кезегінде әсем Алматы мен бірегей студенттік қалашықтың көркем келбетін ерекше айтып өтті. Өзара ынтымақтастық аясын кеңейтудің өзектілігіне мән беріп, ұсыныстарға қолдау білдірді. Білім, ғылым және мәдениет саласындағы жобаларды жүзеге асыру академиялық орта ғана емес, жалпы Қазақстан мен Индонезия халқының игілігі үшін де пайдалы боларын атап өтті.

Сондай-ақ кездесуде мәртебелі мейманға қарашаңырақтың жоғары жетістіктері мен қалашық аумағы таныстырылып, өзара ықпалдастықтың маңызды сұрақтары қарастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі