"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

22 тамыз, 2011

Еліміздің жастары қоғамдық істерде белсенділік танытуда - студент

АЛМАТЫ. 20 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «ҚазҰУ қалашығында» «Қазақстан жастар конгресінің» кубогы үшін пікірсайыс турнирі өтуде.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға «Жас Отан» жастар қанаты, студенттік альянс секілді қаладағы көптеген жастар ұйымдары қатысып, студент жастардың құқығы, саяси көзқарасы, олардың әлеуметтік жағдайы сынды өзекті мәселелрді талқылауда.

Ұйымдастырушылар пікірсайысты жаңа бағытта, casual стилінде өрбітуде. Яғни пікірсайыс университет алаңындағы көгалда өтуде. Бұл жастардың өз ойларын ешкімнен жасқанбай, ашық алаңда өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, оған басқа да жастардың назарын аударуға септігін тигізбек.

«Қазақстан жастар конгресінің» Алматыдағы көшбасшысы Данияр Сүндетов посткеңестік елдердегі жастарға қарағанда біздің елдің студенттері қоғамдық істерге белсенді атсалысып жатқандығын айтады. «Мәселен Кеңес үкіметі тұсында жастар қатып қалған қағидалар бойынша жүрсе, қазіргі жастар ондай шеңберлерден шығып, өздерінің пайымдарын, түрлі интеллектуалды идеяларын жеткізіп, үн қатып жатады», - дейді Д.Сүндетов.

Сонымен қатар ол бүгінгі пікірсайыс еліміздің жоғары оқу орындарындағы жастардың өздерінің ұйымдастыруымен ойларын ортаға салуына арналғандығын жеткізді.

Д.Сүндетов бүгінгі күнгі жастардың жұмысқа орналасу мәселесіне тоқтала келе, университет қабырғасынан түрлі іс-шараларға қатысып, өзін көрсете білген жастар жұмыс іздеуде еш қиналмайтындығын атап өтті. «Түрлі жастар ұйымына мүше болып жүрген әріптестерімді ірі компаниялар, мекемелер өздері жұмысқа шақырып жатады. Тіптен өзімді 3-4 мекеме жұмысқа шақырды, алайда оқуымды жалғастырып, P&D докторантурасына тапсырып, ғылыммен айналысқанды жөн көріп отырмын», - дейді ол.

Турнирдің ұйымдастырушысы - «Қазақстан жастар конгресі», шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жастар ұйымы комитеті қолдау көрсетті.