«Сұңқардың» филиалы мектепте ашылды
Алматы облысы Іле ауданындағы №20 жалпы орта мектепте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының филиалы ашылды. Таяуда «Жас Сұңқар» атауымен құрылған ұйымның оқушылары универсиетімізге арнайы келіп, кәсіподақ мүшелерімен кездесті.
Мектеп жастары білім ордасының «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы жұмысын өзін-өзі басқаруда үлгі ретінде алып отыр. Кездесуде білім ошағының педагогикалық-ұйымдастырушысы Мейірхан Бектеміс: «Мектепте оқушылардың өз ойын еркін жеткізу, шығармашылыққа бет бұру, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттерін дамыту, білім алуға қызығушылығын ояту мақсатында өзін-өзі басқару ұйымын құруды жөн көрдік. Осы ретте біз әлеуметтік желі арқылы көптен бақылап жүрген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер ұйымын таңдап алдық. Директорымыз Мейрамгүл Құткелдиева да жастардың бастамаларына қызығушылық танытты. Бізге мұндағы түрлі жобалар және жастардың белсенділігі, жаңашылдығы мен еңбекқорлығы ұнады. Қазұулық жастармен тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді», – деп өзара ықпалдастыққа деген ниетін жеткізді.
Студенттік кәсіподақ төрағасы Бақдәулет Нұридин өз кезегінде жас ұйымның бастамасын қызу қолдап, «Сұңқар» қызметіне берілген жоғары баға үшін ризашылығын білдірді. «2020 жылы біздің ұйым республика бойынша «Ең үздік өзін-өзі басқару ұйымы» атанып, барша ЖОО жастарына үлгі бола алдық. Кәсіподақ жұмыстарына енді мектеп оқушыларының қызығушылық танытуы – біз үшін үлкен қуаныш», – дей келе, ол ұйым жастарының тәжірибе бөлісуге, мектеп оқушыларының түрлі бастамаларын қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
«Сұңқар» жастары ұйымның мақсаты мен міндеттері жайлы айта отырып, патриоттық тәрбие, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жыл сайын ұйымдастырылатын «ҚазҰУ студиясы», «Үздік студенттік топ», «Movie club», «Сұңқар кубогы» және «SSP», «Bookworld», «StudentS» марафоны жобаларымен таныстырды.
Сондай-ақ өзара ынтымақтастық аясында университет пен мектеп арасында байланысты нығайту, мамандық таңдауда дұрыс таңдау жасау және жастардың тұлғалық дамуы үшін тренингтер мен кездесулер ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Оқушылардың танымдық қабілетін және ғылым-білімге қызығушылығын арттыру бағытында оқытушы-профессорлар құрамымен кездесулер өткізу жоспарланды. Сонымен қатар 10-11 сынып оқушылары үшін тұрақты түрде ҚазҰУ қалашығына саяхаттар ұйымдастыру қолға алынбақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі