Ректор есебінде түскен сұрақтарға жауап
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың
есептік кездесуінде түскен сұрақтарға жауап
1. Жазғы семестр уақытында топта студенттер саны аз болса, төленетін сағаттар 0,25 жүктемемен есептеледі. Бірақ атқарылатын жұмыс, сағаттар бойынша талап бірдей. Мысалы, бір студентке сабақ өтіп, сағатына 500 теңге алсақ, сегіз студентке сағатына 2000 теңге төленеді. Бірдей уақыт кетеді, бірақ төленетін еңбекақы төрт есе аз. Не себепті? Ары қарай да осылай қала бере ме?
Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру қағидаларына және ҚазҰУ-дың ішкі нормативтеріне сәйкес, академиялық лектер мен топтар білім алушылардың жеткілікті санына қарай қалыптасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір академиялық топтың тиімділігі кемінде жеті адамды құрайды. Сондықтан жеті адамнан аз топтарда оқылатын пәндерге коэффициентпен мөлшерленіп төленеді.
2. ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері әлі де онлайн оқуда. Дәстүрлі форматқа көшуге мүмкіндік бар ма? 1-курстар қашан офлайн оқиды?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үдерісі дәстүрлі форматта жүргізілуде. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты және білім алушылардың арасында «қызыл статус» анықталған жағдайда білім алушылар онлайн форматқа көшіріледі. 1-курста ауырып қалған студенттер санының өсуіне байланысты онлайн оқытуға ауыстырылды.
3. 1-курс студенттеріне 2-семестрде офлайн болу мүмкіндігі қанша пайыз?
2-семестрдегі оқыту форматы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті шешіміне және өңірлік эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ.
4. Қашан Кремль шовинистерінің бір ғасыр бойы жазған өтірік тарихын құртып, жастарға нағыз шындықты айтатын тарих айтылып, жарыққа шығады?
Қазақстан Республикасында тарих пен мәдениетті жаңғырту мәселесіне байланысты «Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» және т.б. бағдарламалар аясында көптеген кітаптар жарыққа шығарылған және оқу үдерісіне енгізілген.
5. Биология жаратылыстану ғылымы болғандықтан, сабақтар тек теория емес, тәжірибе жүзінде де болуы тиіс екені белгілі. Биология факультетіндегі зертханалық жағдайды көтеруді сұраймыз.
ҚазҰУ-дың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы шеңберінде ғылыми және оқу-білім беру зертханалары үшін заманауи жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
6. Менің ұлым 9-сынып оқушысы. Білім ордасында тарих пәніне қызығушылығы бар балалармен жұмыс істейтін орталық бар ма?
Ұлыңыздың тарих пәніне деген қызығушылығын ескере отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде жыл сайын «Ашық есік» күндері өткізіліп тұратынын хабарлаймыз. Толығырақ ақпарат алу үшін тарих факультетімен (тел.: 377-33-66, ішкі тел.:1282) байланысуыңызға болады.
7. Бөлінген гранттар жайлы айтыла ма?
Білім беру гранттарының бөлінуі ҚР БжҒМ құзыретінде. Бөлінген гранттар туралы ақпаратты «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінен және ҰБТ орталығының ресми сайтынан білуге болады.
8. Магистратураға Enic стипендиясын жариялау туралы айта аласыз ба? Нәтижелері қашан жарияланады?
Бұл – Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұйымдастырылған Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін шетелдіктерге және ұлты қазақ шетел азаматтарына арналған стипендиялық бағдарлама. Операторы – Білім және ғылым министрлігінің Болон үдерісі және академиялық ұтқырлық орталығы. Enic стипендиясына түсу оператордың сайтына өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.
9. Есепті қағаз жүзінде алсақ бола ма?
Есептік кездесу бойынша толық ақпаратпен университет сайтынан таныса аласыз.
10. Әбу Насыр әл-Фараби есімін қысқартып, университетіміздің айшықты атауы ретінде қабылдадық. Содан бері 30 жыл өтіпті. Алайда Әл-Фараби деген жазуда бірізділік қалыптаспады. Бірде бас әріппен, бірде кіші әріппен жазылып келеді. Тіпті бүгінде сөйлем басында да кіші әріппен жазыла бастады. Осылайша «сөйлем бас әріптен басталады» деген ереже де бұзылды. Сондықтан университет атауы құрамындағы есімнің қысқартылған нұсқасын бас әріппен жазу туралы арнайы шешім қабылдап, осы олқылықты реттеуге бола ма?
Қазақ тілі орфографиясындағы бас әріптің қолданылуы туралы ережелерге сәйкес, жалқы есімдер, оның ішінде мекеме атауы бас әріппен жазылатыны белгілі. Сондықтан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атауы сөйлемнің басында ғана емес, ортасында немесе соңында келсе де, бас әріппен жазылуы тиіс. Мұны әрбір оқытушы, қызметкер немесе білім алушы әрқашан жадында ұстап, дұрыс қолдануы қажет.
11. Биыл зерттеу жұмыстары шетелде бола ма?
Жыл сайын ҚазҰУ ғалымдары ғылымды интернационалдандыруға, зерттеушілер мен студенттер алмасу бағдарламаларына ықпал ету, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және халықаралық зерттеу желілері мен серіктестіктерін құру үшін шетелдік университеттерді, сондай-ақ кәсіпорындарды, үкіметтік және үкіметаралық ұйымдарды және бүкіл әлем бойынша басқа да кәсіпорындарды қаржыландыру шеңберінде орындалатын ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған гранттарды жеңіп алады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2021 жылы университет 40-тан астам халықаралық ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруда. Бұл жобалар шетелдік ұйымдардың қаржыландыру есебінен жүргізіледі және зерттеулердің ерекшелігіне байланысты серіктес ұйымдардың елдерінде тікелей жұмыс жасауы мүмкін. Алайда пандемияға байланысты көптеген елдердегі шектеулерге байланысты қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары онлайн режимде жүргізілуде.
Шетелде бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруды және одан әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін университет SciVal және Funding Institutional сияқты электрондық ресурстарға жазылуды жүзеге асырды, солар арқылы біздің ғалымдарымыз зерттелетін тақырыптар бойынша шетелдік әріптестерді табудың, бірлескен мақалалар жазудың және ғылыми жобаларды қаржыландырудың халықаралық конкурстарына қатысу үшін өтінімдер қалыптастырудың ыңғайлы тәсіліне қол жеткізе алады.
12. «Қазақстан ғалымдары алдымен өз елінде танымал болуы керек» деген пікіріңізді дер кезінде айтылған ұсыныс деп санаймыз. Соған сәйкес, елімізде шығатын ғылыми-баспасөз құралдарының, әсіресе ЖОО-ның «Хабаршы» журналдарының рейтингін көтеру мақсатымен авторларға редколлегия тарапынан қойылатын кейбір талаптарды орынсыз деп санаймыз. Мысалы, менің мақаламды баспаға қабылдау үшін мен шетелдік бір ғалымның өзі жазған жеке-дара еңбегін қоса тіркеуім міндет екен. Сол үшін біз шетелдік ғалымдарға кіріптар күйдеміз. Мұндай ұсынысты олар түсінбейді және қабылдамайды, тіпті мысқылдауы мүмкін. Осы мәселені жөнге келтірудің басқа жолын сілтесеңіз деген өтінішіміз бар.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми басылымдары туралы» Ережеге сәйкес, редакциялық алқа мүшелері ғылыми журналдардың рейтингін және танымалдылығын ілгерілету жөніндегі міндеттерді атқарады, сонымен бірге редакциялық алқа мүшелері Қазақстан Республикасының, жақын және алыс шетелдердің жетекші ғалымдарының ҚазҰУ ғылыми басылымдарына мақалаларын жариялауға шақыртуға жауап береді.
13. Соңғы кездері жыл аяғында жүргізілетін ғылыми жұмыстардың қорытындысын саралау барысында монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары, тіпті отандық ғылыми журналдарда жарық көрген еңбектер санаққа алынудан қалды, тек Scopus-қа тіркелген еңбектер ғана бағаланатын болды. Ал Ғылым комитетінің тізіміндегі отандық ғылыми журналдарда грант тарапынан қаржыланған ғылыми жобалардың нәтижелері міндетті түрде жарық көруі қажет. Алдыңғы сұрақта көрсетілген себептерге байланысты бұл талапты орындаудың әзірге ешбір қисыны болмай тұр. Амалсыздан рейтингі бізден көп төмен, саны да, мүмкіндігі де шектеулі басқа ЖОО-лардың баспасөз құралдарына жүгінуге тура келеді. Мұндай әрекеттің біз үшін бірнеше теріс әсерінің бар екені айтпаса да түсінікті.
Әлемде ғалымдар жұмысының нәтижесі, көрсеткіші олардың рейтингі жоғары халықаралық журналдарда мақала жариялауымен және еңбегіне өзге зерттеушілердің сілтеме беру санымен өлшенеді. Еліміздің ғалымдары да осы талапқа барынша бейімделіп, белсенділік танытып келеді. Осыған орай, мемлекеттің заңдары мен білім беру және ғылыми қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде жарияланымдық белсенділік көрсеткіштері ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптарына енгізілген. Яғни гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттамаға сәйкес, Scopus/Web of Science-тағы ғылыми жарияланымдар жоба басшысына қойылатын біліктілік талаптарының да, жобаны іске асыру нәтижелерінің да негізгі өлшемдері болып табылады. Сондай-ақ Scopus және Web of Science деректер базасына кіретін журналдардағы жарияланым белсенділігінің көрсеткіштері:
– қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атағының;
– «ЖОО үздік оқытушысы» атағы;
– ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар;
– мемлекеттік ғылыми стипендиялар және т.б. ізденушілер үшін негізгі талаптар болып табылады.
Сонымен қатар Scopus/WoS рейтингтік журналдарында жарияланымдардың болуы – магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне қойылатын басты шарттардың бірі.
14. Екі жыл Пекиннің Бейвай университетінде қазақ тілі оқытушысы болдым. Сол жылдары біз Қытайдағы қандастарымыздың студент ұл-қыздарымен, қазақ жастары ұйымының мүшелерімен, жетекшілерімен танысып, бірге мәдени-танымдық шаралар өткізіп тұрдық. Сол жастар Қытайдың іргелі оқу орындарында оқи жүріп, «қазақстандық оқу орындарында оқысақ, білімімізді магистратурада жалғастырсақ» деген үлкен армандарын айтып, мәліметтер сұрастыратын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қандас жастардың Қазақстанда оқуына мүмкіндік беретін арнайы грант немесе ректордың атаулы гранттары бар ма?
Оқу гранттарын Білім және ғылым министрлігі бөледі. Шетелдік азаматтар және қандастар үшін арнайы гранттар да бар. Ол үшін талапкер арнайы бағдарламаларға қатысуы тиіс. Оқу грантын жеңіп алған жағдайда талапкер оқу орнын өзі таңдайды. Бүгінгі таңда университетте атаулы ректор гранты бөлінбеген.
15. Филология факультетінде жөндеу жұмыстары қашан бітеді?
Филология факультетінде жөндеу жұмыстары 15 қазанда аяқталады.
16. Спорткомплекске жөндеу қашан жүргізіледі?
Спорт-сауықтыру кешенінің жөндеу жұмыстары келесі жылғы жоспарға енгізіледі.
17. Биыл педагогикалық қызметімнің 40-шы күзі. Қырық жылғы еңбек жолым бала күтушісі, тәрбиешісі қызметінен басталып, лаборант, аға лаборант, оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісінің орынбасары, кафедра меңгерушісі, доцент міндетін атқарушы лауазымына ұласты. Қырық жыл педагогика саласында аянбай еңбектенген қызметкеріңіз университет тарапынан қандай сый-құрметке лайық?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы №1539 қаулысына сәйкес, факультет деканының Басқарма Төрағасы – Ректорға берген ұсынысы негізінде білім беру мен тәрбиелеу процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі елеулі табыстарыңыз үшін ҚР БҒМ «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне, егер ғылыми көрсеткіштеріңіз жоғары деңгейде болса, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне, ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына немесе ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ұсынуға болады. Сіздің жетістіктеріңіз туралы мәліметті тиісті құрылымдық бөлімшелер жан-жақты қарастырып, университет Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде марапаттау парағы және Ғылыми кеңес хаттамасының көшірмесін тіркеп, ҚР БҒМ-не жолдайды. Арнайы сараптау комиссиясы өтініштерді қарастырады.
18. Жаңа оқу жылында стипендия мөлшері өзгерді ме?
Стипендия мөлшері 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалаврларда 20 пайызға, магистранттар мен докторанттар үшін 15 пайызға көбейді. Ал медицина және денсаулық сақтау факультетінің бакалаврлары, магистранттары мен докторанттарына стипендия мөлшері 15 пайызға артты.
19. Бұйрық шыққан кезде оқытушылардың жалақысы қандай болады?
2021 жылғы ақпанда оқытушылар мен оқу-көмекші құрамының жалақысы 10 пайызға өсті, 2021 жылғы қыркүйектен бастап 30 пайызға арттырылады.
20. Жаңа оқу жылында жатақханаларда тұру құны қандай болады?
2021 жылдың қыркүйегінен бастап жатақханада тұру құны студенттер үшін 13 200 теңге, магистранттар үшін 25 000 теңге көлемінде белгіленді. Шетелдік студенттер үшін 18 000 теңгеден 25 000 теңге аралығында.
21. Жатақханаларда орын жетіспеуіне байланысты бұл мәселені қалай шешуді жоспарлап отырсыз?
Бұл мәселе университетте хостел иелерімен студенттердің тұруы үшін орындар ұсыну бойынша шарттар жасасу арқылы шешіледі.
22. Университетте студенттерді оқытуға қандай жеңілдіктер бар?
Университетте «өте жақсы» және «жақсыға» оқыған студентттер үшін, сондай-ақ әлеуметтік-осал санаттағы студенттер (жетім балалар, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулілер, мүмкіндігі шектеулі ата-аналары барлар), жоғары спорттық жетістіктерге ие студенттер үшін жеңілдіктер бар.
23. КОВИД-19 күресіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қандай үлес қосты?
Біздің университеттің ғалымдары коронавирус ауруынан иммунитетті тиімді қолдайтын шөптен жасалған дәрілік препаратты әзірледі және айналымға шығарды. Ағымдағы жылдың мамыр айында
Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында коронавирусқа қарсы вакцинация пункті ашылды және қазіргі уақытта барлық азаматтар үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар біздің ғалымдар иммунитетті арттыратын шөптік қоспалар жасап, өндіріске енгізді.
24. Университет оқытушылары мен қызметкерлеріне шағым беру үшін кімге жүгіну керек?
Құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету департаментіне, Адам ресурстары және мұрағат басқармасына, «Парасат» қызметкерлер кәсіподағына шағымдануға болады.
25. Университет кампусының аумағында жатақханалар құрылысы неге тоқтатылды?
Университет кампусының аумағында студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған 1250 төсек-орындық жатақхана салу үшін консорциум құру туралы шартта оның құны шамадан тыс жоғары қойылған. Қазіргі уақытта университеттің ұсынысы бойынша осы шартты дайындау барысында заң талаптарының бұзылуы орын алуына байланысты оны жарамсыз деп тану жөніндегі сот процесі жүріп жатыр.
26. Ескі компьютерлер қашан жаңартылады?
Ескі компьютерлер кезең-кезеңмен жаңартылады. Жаңа заманауи компьютерлер мемлекеттік сатып алу арқылы сатып алынады.
27. Университетте жатақханалар салына ма?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кампусын дамытудың 2021-2024 жылдарға арналған жоспарында 12 000 төсек-орындық деңгейі жоғары комфортты тоғыз қабатты жатақхананың құрылысы қарастырылған.
28. ҚазҰУ қалашығында екі жатақханада қала тұрғындары тұрып жатқаны белгілі. Тиісті органдарға шығып, университеттің екі жатақханасын қайтарып алуға мүмкіндік бар ма?
Жатақханалар 90-жылдары жекешелендірілген. Тұрғын үй пәтер иелерінің жекеменшігінде және Мүлік иелерінің бірлестігіне өткен. Қазіргі уақытта пәтерлерді қайта сатып алу мүмкін емес.
29. ҚазҰУ қалашығындағы №15 жатақханада университет қызметкерлері қоныстанған. Осы жатақхананы толықтай студенттерге неге бермеске? Қызметкерлердің табыс көзі бар, пәтер жалдап тұруға студенттерге қарағанда мүмкіндігі бар емес па?
№15 жатақханада тұратын тұрғын үйге аса мұқтаж қызметкерлердің саны онда тұратындардың тек 20 пайызын ғана құрайды.
30. Оқу ғимараттарындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталады. ГУК 2 және ГУК 3-те жөндеу жұмыстары аяқталды, іске қосуға дайындалып жатырмыз. ГУК 1 қазан айының 20-25-терінде аяқталады.
31. ҚазҰУ-ға аквапоника не үшін қажет? Оның қызметі, мақсаты қандай?
2017-19 жылдары ҚазҰУ кампусының аумағында Кереңқұлақ өзеніндегі тоғаны, тазарту құрылыстарының кешені және бөгеті бар «Аквапоника» су-саябақ аймағы құрылды. Қазіргі уақытта «Аквапоника» – бұл студенттер мен қала тұрғындары демалатын кампустың ерекше саябақ аймағы. Сонымен қатар бұл аймақ биология және биотехнология, география және табиғатты пайдалану факультеттерінің студенттері үшін практикалық база болып табылады.
32. Төрт жыл бұрын қалашықта бассейн ашылған болатын. Студенттер әлі күнге пайдалана алмай жүр. Жуырда теннис корты ашылды. Алайда студенттер мен оқытушылар үшін бұл нысандар не себепті қолжетімсіз?
Алғашқы кезде бассейнде жүзу секциясында білім алатын студенттерге сабақ кестесіне сәйкес жаттығулар болып тұрды. Техникалық ақауларға байланысты қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жуырда ашылған теннис корты күнделікті сағат 14:00-16:00 аралығында студенттер мен оқытушыларға қолжетімді.
33. Пандемия салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті денешынықтырумен айналысудың маңыздылығын тағы бір дәлелдеді. Осы орайда, қалашықтағы спорт кешеніндегі арнайы жаттығу залдарының жұмысын жандандыру, жатақхана маңына түрлі тренажерлар орнату жоспарда бар ма?
Қазіргі таңда спорт кешенінде білім алушылар мен оқытушыларға аптасына екі рет қосымша жаттығу сағаттары тегін қарастырылған. Сонымен қатар ҚазҰУ қалашығында арнайы жаттықтыру техникаларын орналастыру жоспарланып отыр.
34. Осыдан 3-4 жыл бұрын БҒМ бастаған «Нұрлы жер» тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы бүгінде тоқтап тұр. Себебі неде? Бұдан бөлек, университет қызметкерлеріне арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламалары қарастырылған ба? Университеттің әлеуметтік жауапкершілігі қаншалықты орындалып жатыр?
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы 2019 жылғы 5 маусымда сатып алумен жалға берілетін тұрғын үйді өткізу туралы келісім негізінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және сол кездегі Қазақстан ипотекалық компаниясы арасында жүзеге асырылып, басталған-ды. Бұл бағдарламаның алғашқы кезеңі 2020 жылғы маусым-тамыз айларында ғана жүзеге асырылды. Бағдарламаның тоқтау себебі, әрине, университетке байланысты емес. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан ипотекалық компаниясы тарапынан келесі кезеңге квота бөлінген жағдайда сол 2019 жылғы кезекте тұрған қызметкерлер бағдарламаға әрі қарай қатысу құқығына ие болады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша үміткердің тұрғын үйі болмауы тиіс. Сондай-ақ қызметкерлердің мемлекет тарапынан ұсынылып отырған «Алматы жастары», «7-20-25» бағдарламаларына да қатысып, өздігінен тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндіктері бар. Қызметкерлердің «Парасат» кәсіподағы да барынша түрлі бағдарламалар бойынша Отбасы банкінің қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
35. Университет жанындағы Студенттер сарайының пандемия жағдайындағы халі қандай? Карантинге дейін түскен қаражат қайда жұмсалды? Бос тұрған сарайдың басы артық қызметкерлері қысқартылды ма?
Студенттер сарайы жаппай іс-шараларға жабық. Қазіргі уақытта онда вакцинация орталығы жұмыс істейді және студенттерге арналған изолятор жабдықталған. Өткен кезеңдердегі түсім университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталды. Сарайда ғимаратты жұмыс жағдайында ұстау үшін қажетті штат жұмыс істейді.
36. ҚазҰУ-да өзінің Баспа үйі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы бар. Бұл нысандардың өзін-өзі қаржыландыру жағы қалай шешілген?
Баспа өзінің тапсырыстарын да, сыртқы тапсырыстарды да орындайды. Бұл табыс табуға мүмкіндік береді. «Керемет» жалдаудан басқа табыс алуды көздемейді. Ол студенттерге қызмет көрсету үшін құрылған.
37. Қалашық аумағы кең болса да, оқытушылар мен студенттер автотұрағы мәселесі неге шешілмей келеді?
Кампусты дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жоспары аясында тұрақтарды кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
39. Ескірген оқу ғимараттары жаңаруда. Ондағы тозығы жеткен техника жаңара ма?
Оқу жиһаздары мен жабдықтарын ауыстыру жоспарда бар. Тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
40. Силлабус ішінде студенттің өз бетінше дайындалуы үшін кітаптардың атауы жазылады. Бірақ олардың электронды нұсқалары жоқ. Болса да, ақылы түрде немесе басқа тілдерде. Алдағы уақытта электронды кітаптардың санын арттырып, кітап аудармаларының сапасын арттыру жұмыстары қолға алына ма?
Әл-Фараби кітапханасының оқырмандарға көрсетілетін барлық қызметі ақысыз, тегін және қолжетімді. Кітаптардың электрондық нұсқасы болмаған жағдайда кітапхана сайты арқылы кітаптың электрондық нұсқасын жасатуға тегін тапсырыс беруге болады.
Әл-Фараби кітапханасының өзінің толық мәтінді бай электрондық кітапханасы бар және ай сайын оқу үдерісіне қатысты қағаз жүзіндегі кітаптар оқытушылар мен білім алушылардың өтініштері негізінде электрондық форматқа ауыстырылып отырады.
41. Дайындық факультетінде барлық мемлекеттің студенттері бір тілде оқығандықтан, қазақ бөліміне түсетін студенттер орыс тілін білмейді. Бірақ мұғалімдер олардың қазақстандық студенттермен бір деңгейде жауап берулерін талап етіп, төмен баға қойып жатады. Шетелдік студенттер үшін қазақ және орыс тілін үйрететін тегін курстар ұйымдастырыла ма?
Дайындық факультетінде орыс тілінде оқытылатын оқу бағдарламасы бойынша білім алатын тыңдаушылар негізінде орыс тілінде және қосымша қазақ тілінде оқиды. Ал қазақ тілінде білім алатын тыңдаушылар үшін орыс тілі оқу бағдарламасында бекітілген сағат көлемінде оқытылады. Егер тыңдаушылар қажет деп тапса, онда факультет құрамындағы шаруашылық есебіндегі орталықтар қазақ және орыс тілдері курстарын ұйымдастырады.
42. Қазір көпшілік Каспи, Халық банкі қызметтерін қолданады. Қалашықта неге банкоматтар орнатылмайды?
Біз банкоматтар орнату бойынша банктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, жуық арада орындалатын болады.