Университет кітаптары Анкара көрмесіне қойылды

22 қазан, 2021

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспа үйінен жарық көрген өнімдер XVI-халықаралық Анкара кітап көрмесінде жұртшылық назарына ұсынылды.  

 

Шараның ашылу салтанатына Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал СапарбекұлыҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әділ Ахметов және жергілікті ақын-жазушылар мен баспагерлер қатысты. 
 

Түркияның 300-ден астам ірі баспа үйі, баспаханалар мен жарнама агенттіктері бас қосқан жәрмеңкеге биыл Қазақстан «қонақ мемлекет» мәртебесінде шақырылған. Ал «Қазақ университеті» баспа үйі ауқымды жобада алғаш рет өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың дерегінше, бір аптаға созылатын көрмені  350 мыңнан астам кітапсүйер қауым тамашаламақ. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұсынған топтамалар қатарында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының дипломатиясы», «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», әл-Фараби еңбектері, Абайтану, Сүйінбайтану сериялары, Жамбыл Жабаевтың 2 томдық шығармалар жинағы және университет оқытушыларының ғылыми еңбектері бар. 

 

 

Ашылу рәсімінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қайраткерлік қызметіне арналған Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың түрік тіліндегі «Тарих жасаған тұлға» (аудармашы М.Отарбаев) деректі кітабы көпшіліктің айрықша қызығушылығын тудырды. 

 

Бағдарлама барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бас маманы, жазушы-журналист  Нұрғали Ораздың түрікшеге аударылған «Қазығұрт оқиғалары»Ректордың кеңесшісі М.Отарбаевтың тәржімасымен Жамбыл Жабаевтың «Көроғлы дастаны»«Юнус Эмре» жыр жинағыныңтаныстырылымы жоспарланған. 

 

        

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі