«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамының тамыз кеңесі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жаңа оқу жылын жаңа үлгіде бастаймыз. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының тамыз кеңесінде айтты.
«Биыл Елбасы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында әлеуметтік жаңғыруды қоғам алдындағы үлкен мақсат ретінде қойды. Осы бағытта университеттердің рөлі ерекше. Өйткені біз қаншалықты білімді, толыққанды бәсекеге қабілетті мамандар дайындаймыз, соған байланысты қоғамымыз дамиды. Қазір Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде толық жаңғырту үдерісі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда әлемдік деңгейге лайық зерттеу университетінің үлгісін жасап болдық деп айтуға болады», - дейді Ғалымқайыр Мұтанұлы.
Оның айтуынша, бұл жиында университет ректорының орынбасарлары оқытушыларды жоғары оқу орнының 2011-2012 жылдарға арналған білім беру қызметі, ғылыми және инновациялық қызметі, тәрбиелік жұмыстары аясындағы негізгі міндеттерімен таныстырмақ. Бұл шараға университеттің оқытушы-профессорларынан бөлек, мектеп директорлары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуда.