«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

25 тамыз, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа оқу жылын жаңа оқу бағдарламасымен бастайды - Ғалымқайыр Мұтанов

АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Университеттегі негізгі жұмыс кафедраларда болуы тиіс. Бұл туралы бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессор-оқытушылар құрамының дәстүрлі тамыз кеңесінде сөз болды.

«Биылдан бастап біз әлемдік негізге сүйене отырып, барлық оқу бағдарламаларын өзгертіп шықтық. Басты мақсат - түлектер университет қабырғасынан шыққан кезде бәсекеге қабілетті болуы керек. Мұның бәрі олар жұмыс іздеп жүрмей, өздері жұмыс орнын жасасын деген бағытта жасалып жатыр», - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Оның айтуынша, құрылымдық қайта құруда әр факультет кластерлік бағытқа бейімделіп кафедралар іріленді. Бұрын 100-ден аса кафедра болса, қазір олардың тең жартысы ғана қалды.

Ғ. Мұтанұлының сөзіне қарағанда, «университет факультеттердің, ал факультет кафедралар жиынтығы. Негізгі жұмыс кафедраларда болуы тиіс. Сондықтан кафедралардың әлеуетін көтеріп отырмыз. Білім, ғылым, инновация бір-бірімен тығыз байланысты болсын деп отырмыз. Биылдан бастап екі дипломды бірдей игеретін мамандар дайындап жатырмыз. Олар бірқатар бағдарламаларды бізде, ал кейбірін шетелдік әріптестерімізде оқиды. Онда да жай ғана емес, әлемнің белді университеттерінде білім алатын болады».