Ақтеңіз университетінде біліктілік арттырды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларының делегациясы Түркияның ең ірі университеттерінің бірі – елдің әйгілі білім беру орталығы болып табылатын Ақтеңіз университетінде болды.
Мұнда 50 га аумақта 80-нен астам ғылыми орталықтар, институттар мен мектептер орналасқан. Қазақстандық ғалымдар білім ордасымен танысып, оқытушы-профессорлар қауымы және студенттермен жүздесті. Оқытушылар кездесуде халықаралық ғылыми және білім беру жобалары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылап, түрік студенттерін ҚазҰУ-ға оқуға шақырды.
Медицина профессоры Мұстафа Кобан өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көптеген ғылыми бағыттар бойынша үлгі екенін атап өтті. «Қазақ ұлттық университетінің көптеген дамыған ғылыми бағыттары бар, ал халықаралық рейтингтегі орны ерекше. Түркия профессорлары ҚазҰУ ғалымдарының жарияланымдарымен жақсы таныс және бірлескен зерттеулер ұйымдастыруға қатысу біз үшін үлкен мәртебе», – деген пікірін жеткізді.
Бұл түрік университеті өзінің бірегей медициналық факультетімен танымал, онда 2000 орындық жеке аурухана, геронтология, терапия, стоматология, денсаулық сақтау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілетін арнайы жабдықтар мен зертханалар бар.
Кампус аумағы да ерекше назар аудартады. Оған екі үлкен футбол алаңы, бірқатар теннис корттары, стадион, аурухана, егіс алқаптары, мал шаруашылығы және егіншілік аймақтары кіреді. Салыстырмалы түрде жас университет өте қарқынды дамып келеді және ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға ашық.
Сондай-ақ ғалымдар бірлескен білім беру бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жайында әңгіме өрбітіп, әріптестіктің өзге де маңызды мәселелерін қозғады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі