Тиімді ынтымақтастық жемісі

29 қазан, 2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Пәкістан Бірлескен штабының сыртқы әскери ынтымақтастық жөніндегі бас директоры, генерал-майор Маджид Джихангирдің басшылығымен әскери делегация келді. Әскери шенділер Алматыға ресми сапары аясында білім ордасының шығыстану факультетіне ат басын бұрып, Мухаммад Али Джинна орталығының жұмысымен танысты.

Әскери қонақтар белгілі мұсылман саясаткер, Пәкістан ұлттық мемлекеттілігінің негізін қалаушы саналатын Мухаммад Али Джинна атындағы орталықта факультеттің оқытушы-профессорлары және студенттерімен жүздесті.

Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Молдатөреұлы кездесуде университет басшылығының ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлетінін жеткізіп, оның аясында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға тоқталды. Биылғы сәуір айында Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының бір топ оқытушылары мен студенттері Исламабад қаласындағы Заманауи тілдер ұлттық университетіне арнайы біліктілікті арттыру курсына жіберілгенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда факультетте урду тілі мен әдебиеті бойынша 10-нан астам студент білім алуда.


ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде урду тілі мен әдебиеті мамандығы 1992 жылы ашылған. Сол уақыттан бері урду тілін білетін 50-ден астам маман даярланды. Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасы елшілігінің қолдауымен факультетте 2019 жылы Мухаммад Али Джинна орталығы ашылып, табысты жұмыс істеп келеді. 

Сонымен қатар факультет басшысы биыл Пәкістан тарапының қолдауымен орталықтың заманауи техникалық және оқу құралдарымен толыққанын атап өтіп, зор ризашылығын білдірді.

Пәкістандық әскерилер өз кезегінде университет өкілдеріне қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы достық қарым-қатынас, білім мен ғылым, мәдениет саласындағы байланыстың нығая түсуіне тілек білдірді.

Сондай-ақ кездесуде студенттер мәртебелі қонақтарға арнап өлең оқып, урду тілінде Ajeebdaastaan әнін орындады. Урду тілінде өздерінің Пәкістан Ислам Республикасына сапары жайлы баяндап, еркін пікір алмасты.

Делегация құрамында Қазақстан Республикасындағы Пәкістан елшілігінің қорғаныс атташесі, бригадир-генерал Ясир Науаз, Пәкістан Бірлескен штабының сыртқы әскери ынтымақтастық жөніндегі директор орынбасары, полковник Фаррух Аслам, Пәкістан Бас штабының сыртқы әскери ынтымақтастық жөніндегі директор орынбасары, полковник Шираз Хадим, Пәкістан Бас штабының сыртқы әскери ынтымақтастық жөніндегі штаб-офицері, майор Наоман Назир, Қазақстан Республикасындағы Пәкістан елшілігінің сауда-саттық және инвестиция жөніндегі кеңесшісі Мухаммад Фарук мырза болды.

Шара Пәкістан Ислам Республикасы елшілігінің ұйытқы болуымен жүзеге асты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі