Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттік құрылыс жасағы жұмыс маусымын қорытындылады

25 тамыз, 2011

1 маусым мен 25 тамыз аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Студенттік құрылыс жасақтары маусымдық еңбек жұмысын атқарды. 22 тамызда СҚЖ-ның маусымдық жұмысы қорытындыланып, белсенділер басшылық тарапынан марапатталды.

«Сұңқар» Студенттер кәсіподағы құрылыс жасағында үздік жұмыс жасаған 30 жасаққа Ыстық көлдегі «Бостері» сауықтыру лагеріне демалу үшін жолдама ұсынды. Жасақтар арасынан 1,2,3 орын иегерлері анықталды. Сондай-ақ бір «Ең үздік командир»және үш «Ең үздік жауынгер» марапатталды. Жеңімпаздар университеттің Ғылыми кеңесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолынан диплом иеленді. СҚЖ-да белсенділік танытқан басқа да жасақтарға Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Ерболқызы арнайы дипломдар табыс етті.

Университеттің барлық факультетінен құралған жасақ саны биыл 120. Оның 95-і ұл, ал 25-і қыз бала. Олар жұмыс маусымы барысында университет тарапынан үш уақыт тегін тамақпен, арнайы киім формасымен қамтамасыз етіліп, жатақханада тегін тұрды. СҚЖ студентінің айлық жалақысы орта есеппен 35000 теңгені құрады.

СҚЖ ҚазҰУ қалашығы аумағын тазарту, абаттандыру жұмыстарын атқарды. Студенттік кампустағы барлық 13 жатақхана мен оқу ғимараттарында және Ректорат ғимаратының бөлмелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Физика-техникалық, химия және химиялық технология, механика-математика факультеттерінің ескі оқу ғимараттарында жұмыстар атқарды. Халықаралық қатынастар факультетінің оқу ғимараты босатылып, оқу жиһаздары, техникалық құралдар шығарылды. Эксперименталды өндірістік орталыққа жиһаз жасау жұмыстарына атсалысты, биология және биотехнология факультетінің жер төлесінде құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Жасақтар арасында сонымен қатар интеллектуалды сайыстар, түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылған. СҚЖ-да театр күні аталып, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы қойылымдарға барып тұрды. Жақында СҚЖ-ның ұйытқы болуымен факультеттерде ораза ұстаған студенттерге ауызашар берілді. «Еңбек маусымында қазұулық студенттер өздерін сегіз қырлы, бір сырлы жастар ретінде танытып жүр. Өте жауапты. Тазалық үшін, қаланың көркеюі үшін, Студенттік кампустың жасаруы үшін аянбай тер төкті. Елбасымыз айтқан «Қазақстанның болашығы жастардың қолында» деген сөзі бүгінгі таңдағы жастарға, соның ішінде студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасаған әрбір студентке арналғандай. СҚЖ жастары толағай табысты жұмыс атқара алды деп кәміл сеніммен айта аламын. Студенттерге осындай жағдай жасап, қолдау көрсетіп отырған университетімізге, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлына зор алғысымызды айтамыз. Ердің атын еңбек шығарады демекші, СҚЖ жасақтары саны арта берсін дегім келеді», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Cтуденттік құрылыс жасақтары штабының бастығы Жұмағали Есенбек .

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі