Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай 70 жаста!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және көрнекті ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына орай, «Суреткер. Ғалым. Ұстаз» атты кездесу кеші өтті. Басқосуға танымал ақын-жазушылар, ғалымдар, университет оқытушылары мен студент жастар қатысты.
Белгілі ғалым-ұстаз Өмірхан Әбдиманұлы жиынды ашып, мерейтой иесінің еңбек жолына кеңінен шолу жасады. Публицистиканың қыр-сырына қаныққан алғашқы жылдардан бастап, Абайды тануда, Әуезовті танытуда тұғырлы тұлғаның ғылымға сіңірген еңбегіне, ұстаздық қызметіне ерекше назар аударды.
Кездесуде оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Анар Салқынбай жеткізді.
Құттықтауда ғалымның оқу орнының қабырғасында жүрген шақтан бастап, қазақ сөз өнерінің барлық жанрында қалам тартып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырғаны, Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеудегі елеулі еңбегі мен шығармашылық жетістіктері айрықша атап өтілді.
Мерейтой иесі өз кезегінде өмірлік мақсаты, түйген тәжірибесімен бөлісіп, кітапқа құштарлығы жайлы әңгімелеп, шығармашылық жолына тоқталды. ҚазҰУ қабырғасында қанатын қатайтып, буынын бекіткен даңқты ұстаздары – Тұрсынбек Кәкішев, Қайыржан Бекхожин, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов тағылымын еске алды. Жастарды ұлтына адал, халқына жанашыр болуға үндеді.
Сондай-ақ тарихшы ғалым, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының директоры Мәмбет Қойгелдиев, ұстаз-ғалым, белгілі тарихшы Талас Омарбеков, сыншы-ғалым Дандай Ысқақ, алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова, ақын Бауыржан Жақып және өзге де танымал тұлғалар қадірменді қонаққа сөз арнап, азаматтық, адамгершілік қасиеттері мен шығармашылығы туралы терең ой-пікір білдірді.
Қайраткер тұлғаның шығармашылық бастауындағы «Қоңыр қаз», «Жүрегімде – жұмыр жер» атты жыр жинақтары, проза саласындағы алғашқы туындылары – «Бесқарагер» мен «Аэродром» хикаяттарын тілге тиек етіп, «Мөлдір көз», «Көгілдір әлем», «Шилі өзен қамыс-ай», «Қар астындағы көбелек», «Ұш, маған ұш, балалығым», «Қалампыр», «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі», «Түйешінің қызы» сияқты прозалық шығармаларының лирикалық сыршылдығымен, терең ізденісімен, философиялық ой иірімдерімен ерекшеленетінін айтты. Алғашқылардың бірі болып «Алаш ақиықтары» жинағын құрастырып, Алаш қайраткерлерінің беймәлім шығармаларын жалпы жұртшылыққа таныстырған ерен еңбегі де атап өтілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі